Бала жанына жақын өнер әлемі

Қуыршақ театры – бала жүрегін баурап алатын ерекше өнердің түрі. Ол – баланың таза санасын баурап, мейірім мен ғажайыпқа жетелейтін әлемнің бейнесі. Әсер ету күші жағынан басқа театр түрлерінен ерекше орын алатын бұл өнер баланың нәзік жан дүниесіне тікелей ықпал етеді. Көрермендері негізінен балалар болғандықтан, олардың алдындағы шынайылық пен тазалық деңгейі өте жоғары болуы қажет.
Қуыршақ театры бала тәрбиесінде қандай роль атқарады? Қуыршақ театры баланы ойын арқылы тәрбиелейтін, оның көркемдік талғамын қалыптастырып, әлеуметтік белсенділігін арттыруға мүмкіндік беретін таптырмас құрал. Бұл орайда Алматы Мемлекеттік Қуыршақ театры өз жолын айқын белгілеген. Театр репертуарында «Ана-Жер Ана», «Алтын Адам», «Мама для мамонтенка» секілді отансүйгіштік рухты оятатын қойылымдардан бастап, «Сұғанақ ешкі», «Теремок», «Ұр тоқпақ» сияқты ізгілік пен адалдықты дәріптейтін туындыларға дейін бар. Ұжым әр қойылым арқылы кішкентай көрерменнің көңілінен шығып, олардың театр өнеріне деген қызығушылығын арттыруға бар күшін салып келеді.
Баланың тап-таза жан-дүниесіне сызат түсірмей, оны жақсылық пен жамандықты, мейірім мен зұлымдықты ажырата білуге баулитын өнердің бірі дәл осы қуыршақ театры. Қойылым барысында бүлдіршіндер сахнадағы кейіпкерлердің іс-әрекеттерін қадағалап, бейсаналы түрде оларға жанашырлық танытады, оқиғаның өрбуін өз санасында саралайды. Ал мектепте мұғалім балаға дұрыс пен бұрысты үйретсе, театр сахнасында ол мұны өзі байқап, түйін түйеді.
Әр бала өз сүйікті ойыншығының тіріліп, қасында сөйлесе алғанын армандайды. Қуыршақ театры осы арманды шынайы шындыққа айналдырады. Спектакльдерді тамашалай отырып, бүлдіршіндер өз қиялының шексіз мүмкіндігін сезінеді. Ғылыми зерттеулер де баланың дамуын психологиялық түзетуде қолғап қуыршақтардың пайдалы екенін дәлелдеген. Түрлі мінезді қуыршақтар баланы шынайылық пен жалғандықты, батылдық пен қорқақтықты, ақылдылық пен аңғалдықты айыруға үйретеді, мінез-құлқын қалыптастыруға сеп болады.
Қуыршақ театрына келген әр көрермен ең алдымен ертегі әлеміне енеді. Ертегі арқылы бала бойына туған жерге деген махаббат, әділетке деген сенім, тазалық пен ізгілік сияқты қасиеттер сіңеді. Сонымен қатар, театр баланың сөздік қорын молайтып, тілін ширатады, сөйлеу мәдениетін қалыптастырады.
Бүгінгі өмірдің қарбаласы мен тұрмыстық қиындықтары ата-аналарды балаларының рухани дамуына жеткілікті көңіл бөлуге кедергі келтіріп жатады. Ертегі тыңдамай өсіп келе жатқан балалардың саны артып келеді. Егер әр отбасы аптасына бір рет театрға баруды дәстүрге айналдырса, бала санасының жетілуіне, рухани әлемінің қалыптасуына баға жетпес үлес қосар еді.
Қуыршақ театры – тек көңіл көтеру орны емес, ол бала тәрбиесіндегі ең маңызды мәдени орта. Ол шығармашылық қабілетті дамытатын, логикалық ойлау жүйесін қалыптастыратын, жақсылыққа ұмтылдыратын ерекше орта. Біз бүгінде осы өнерге қолдау білдіріп, бала тәрбиесінің негізін қазірден дұрыс қалыптастыра білсек, ертеңіміз жарқын болары сөзсіз.
Бибігүл ЯТАЙ,
Темірбек Жүргенов атындағы
Қазақ ұлттық өнер академиясының
«Театртану» бөлімінің 1 курс студенті