Жетісу облысында жалпы сомасы 90 млрд теңгеге азық-түлік өнімдерін өндіру жоспарланып отыр

Бағаның тұрақтылығын және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен (ӘМАТ) халықты қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыс жүргізуде.

Бағаны тұрақтандыру үшін облыс әкімдігі екі негізгі тетік арқылы жұмыс істейді: тұрақтандыру қорын қалыптастыру және тауар өндірушілерді жеңілдетілген несиелеу. Тұрақтандыру қоры ұзақ сақталатын тауарлармен (қант, қарақұмық, күнбағыс майы, күріш, 1-сортты ұн және т.б.) толықтырылса, несиелеу жүйесі өндірушілерге жылдық 0,01% мөлшерлемемен қаржы алып, айналым қаражатын толықтыруға және өнімді төмендетілген бағамен сатуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта қолданыстағы келісімшарттар аясында қоймаларда 8 млрд теңгеге бағаланатын 20 мың тонна азық-түлік тауарлары бар. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында тауарлық интервенция күшейтіліп, Талдықорған қаласының халық тығыз орналасқан аудандарында көшпелі сауда ұйымдастырылуда.

Сақтау инфрақұрылымы да дамып келеді: облыс аумағында жалпы сыйымдылығы 39,7 мың тоннаны құрайтын 31 қойма жұмыс істейді, оның ішінде 14-і заманауи жабдықтармен жарақталған. Панфилов ауданында сыйымдылығы 1000 және 6000 тонна болатын заманауи жеміс қоймалары пайдалануға берілді.

Өндіріс пен халықтың тұтыну балансына сәйкес, өңір 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының ішінде келесілер бойынша 100% қамтамасыз етілген: ет, қырыққабат, картоп, қышқыл сүт өнімдері, сәбіз, басты пияз, 1-сортты ұн, қант, жұмыртқа.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының өсуін реттеу мақсатында биыл өңірде нарықтық бағадан 15–20% төмен бағамен өнім сатылатын 574 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізу жоспарлануда.

Жыл басынан бері жалпы құны 1,7 млрд теңгеден асатын 177 жәрмеңке өткізілді.

2025 жылы жалпы сомасы 90 млрд теңгеге азық-түлік өнімдерін өндіру жоспарланып отыр.