Алматыда бұрын жарықтандырылмаған 339 учаскеде 109,2 шақырым жаңа жарық желілері салынады

Алматыда сыртқы жарықтандыру сапасын арттыру мақсатында 84 жарықсыз учаскеде 16 км жаңа желі құрылысы басталды. 2025 жылы 25 сәуірде 255 учаскеде 93,2 км жарық желілерін салуға байқау жарияланды. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаевтың 2025 жылғы 1-30 сәуір аралығындағы Президентке берген есебінде айтылды.
Қаладағы 7 магистральды көшеде 19,6 км жарық желісі жаңартылып, 400 жаңа шам орнатылып, 1,1 мың шам ауыстырылды. Олардың қуаты екі есеге артты.
Сондай-ақ жарықтандыру сапасын арттыру үшін жаңартуды қажет ететін 1 100 басқару шкафының 320-сы жаңартылды. Биыл бұл көрсеткіш 70%-ға жетпек. Бұл жүйенің сенімділігі мен жеделдігін едәуір арттырады.
2025 жылдың басынан бастап Республика алаңындағы екі ғимарат пен ҚР Қарулы күштерінің әскери-тарихи музейінде сәулеттік жарық орнатылды. 2024 жылы мұндай жарықтандыру 25 нысанда жүзеге асырылған.
Айта кетейік, 2023 жылдың тамызында Алматыда өткен кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы 2025 жылдың соңына дейін толық жарықтандыруды тапсырған. Бұл тапсырманы орындау үшін 2024 жылдың қаңтарынан бастап «Алматы Қала Жарық» кәсіпорны қала әкімдігімен бірлесіп жұмыс жүргізіп келеді. Былтыр жарықтандыру деңгейі 85%-ға жетсе, биыл бұл көрсеткіш 100%-ға жуықтайды деп жоспарланған.
Алматы қаласының баспасөз қызметі