Мәдина Өнербаеваның шығармашылық кеші «Опералия» фестивалінің сәнін келтіреді

Screenshot
23 мамырда «Опералия» халықаралық фестивалі аясында «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында театрдың прима-балеринасы, балеттің жетекші солисі, Франциядағы Бордо Ұлттық операсының шақырылған солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Өнербаеваның «Китри, Аврора, Кармен және басқалары…» атты шығармашылық кеші ұсынылады. Танымал балеринаның жиырма жылдан астам уақыт бойы сахнада сомдаған бейнелері көрермендердің алдында кинолентадай сырғып өтеді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтетін кеште «Астана Опера» симфониялық оркестрін дирижер Элмар Бөрібаев басқарады.
Бұл кеш балеринаның өмірінен алынған альбом іспетті. Оның басты кейіпкері – есімі Қазақстанда ғана емес, шетелде де кеңінен белгілі Мәдина Өнербаева. Осынау маңызды оқиға қарсаңында сахна шеберімен сұхбаттасып, балетке қалай келгені және оның қалай өмірінің ажырамас бөлшегіне айналғаны жайлы білген едік.
– Кішкентай кезімде мен домбыра тартумен айналыстым, – деп әңгімесін бастады Мәдина Өнербаева. – Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатында сегіз жыл білім алдым. Домбыра жаныма жақын болатын, бірақ та музыкалық мектептегі сольфеджио мен хор сабақтарына қатысқым келмейтін. Ақыры, жалпы білім беретін орта мектепке ауысып, музыкалық мектепке тек домбыраға баратын болып шештім. Күндердің күні Алматыдағы мен оқып жүрген №138 мектеп-гимназиясына А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінен ұстаздар келіп, оқушылар арасында іріктеу жүргізеді. Сөйтіп, барлық төртінші сынып арасынан іріктеуден жалғыз мен өтемін. Бұл сонау 1995 жыл еді.
Әрине, балет мектебіндегі оқудың алғашқы жылдарында мен, он жасар қыз, балеттің не екенін онша-мұнша түсіне бермейтінмін. Тек екі жылдан соң Белгия, Германия, Голландия, Францияға гастрольдік сапармен барып келгеннен кейін анама «Мен балерина болып, дүние жүзін көргім келеді» деп айтқаным есімде. Сол кезде «Прима балерина боламын» деп өзіме нақты мақсат қойдым, – деп ағынан жарылды жетекші солист.
Ол 2003 жылы училищені тамамдағаннан кейін елордада хореография өнерінің негізін қалаушы Тұрсынбек Нұрқалиев оны Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрына жұмысқа шақырған. Барлық балет әртісі секілді Мәдина Өнербаева да еңбек жолын кордебалетте бастады. Алдымен солистке, одан кейін жетекші солистке дейін көтерілу үшін оған тынбай еңбектенуге тура келді. Оның сахналық мансабының 22 жылының алғашқы он жылы дәл осы театрда өтті.

Screenshot
– Ұстаздарым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Тұрсынбек Нұрқалиев пен Ғалия Бөрібаева менің әртіс ретінде қалыптасуымда зор рөл атқарды, әрдайым қолдау көрсетті, сол үшін оларға алғысым шексіз. К.Байсейітова атындағы театрда он жыл бірге жұмыс істеген кезімізде олар маған жетекші партияларды сеніп тапсыратын. Сахнада орындаған ең алғашқы партиям Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» балетіндегі Мария еді. 20 жастағы мен үшін бұл рөл өте күрделі болатын, себебі мен әлі жас болғандықтан бейнені жеткілікті түсінген жоқпын. Менің ойымша, түсінік уақытпен әрі тәжірибемен келеді, – деп атап өтті Мәдина Өнербаева.
Солай болды да: жылдар өте келе оның репертуары толыға түсті. Ол түрлі сахналарда Л.Минкустың «Дон Кихот», А.Аданның «Жизель», Г.Левенскольдтың «Сильфида», П.Чайковскийдің «Аққу көлі», А.Хачатурянның «Спартак», М.Жаррдың «Париж Құдай анасының соборы» балеттерінде және тағы басқа спектакльдерде жетекші партияларды орындады. 2013 жылы еңселі «Астана Опера» ашылғанда Мәдина Өнербаева труппаға жетекші солист болып қабылданып, репертуарлық спектакльдердегі жетекші партияларда көрерменнің көзайымына айналды.
Балеринаның айтуынша, басты партияны орындау әртістен үлкен жауапкершілік пен еңбекті талап етеді. Ол өнердің шыңына жету үшін алтын уақытын дайындық залдарында өткізгенін, осыған барлық күш-жігерін арнағанын жасырмады. Бұл еңбегі халықаралық деңгейде де ескерусіз қалған жоқ: 2007 жылы ол Италияда өткен «Рим сыйлығы» халықаралық балет әртістері байқауында ІІ сыйлық лауреаты атанды. Аңызға айналған балерина әрі хореограф Майя Плисецкая осы байқауда қазылар алқасының мүшесі болды. Ол Мәдинаға қолтаңбасын беріп қана қоймай, оған өзінің орамалын сыйға тартты. Бұдан бөлек, Мәдина 2009 жылы Астанада өткен «Бәйтерек» халықаралық балет әртістері байқауында Бас жүлдені иеленді.
Өзінің шығармашылық жолында Мәдина Өнербаева балет өнерінің көптеген шеберлерімен, оның ішінде Юрий Григоровичпен жұмыс істеді.
– Осы ретте труппамыздың көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратоваға зор ризашылығымды айтқым келеді. Оның арқасында біздің труппамен Луиджи Бонино сынды атақты балетмейстерлер жұмыс істеуде. Қазір біз Ролан Петидің «Арлезианка», «Бозбала және Өлім», «Кармен» балеттеріне дайындалудамыз, олар біз үшін жаңа спектакльдер. Бұл балеттерді репертуарымызға қосу Алтынай Абдуахимқызының шетелдік қоюшыларды шақыруының нәтижесінде мүмкін болды, – деп атап өтті жетекші солист. – Ол маған көп нәрсені үйретіп, құнды тәжірибесімен бөлісті. Оның үмітін ақтауға және маған үйреткендерінің барлығын сахнада көрсетуге тырысудамын. Менің шығармашылық кешімді өткізу идеясы да Алтынай Абдуахимқызына тиесілі, ол бұл ұсынысты бес жыл бұрын айтқан еді. Мұндай кеш – кез келген әртіске бұйыра бермейтін үлкен бақ. Мақсатымыз – көрермендерге менің қандай болғанымды және осы жылдар ішінде қандай жетістікке жеткенімді көрсету. Менің жүріп өткен жолым жас әртістерге үлгі болса екен деймін. Жастарға шығармашылық өрлеу мен партияларды орындауға деген зор құштарлық тілеймін.
Кеш бағдарламасы екі бөлімнен тұрады: бірінші бөлімде көрермендерді Гала-балет, екіншісінде П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балетінің бірінші актісі күтеді. Кештің ұмытылмас сәті – «Кемел адам» жаңа авторлық нөмірінің премьерасы болмақ. Оны дарынды хореограф Сұлтанбек Ғұмар Мәдина Өнербаеваға арнап қойған.
– Кешке дайындық барысында әріптестерімнің зор қолдауын сезінудемін. Сұлтанбекке жаңа нөмір туралы ойымды айтқаным сол еді, музыкасы да көп ұзамай табыла кетті. Осындай сәтті сәйкестіктің орын алғанына қатты қуандым. HasSak этно-фольклорлық ансамблінің бұл туындысы әлі еш жерде орындалмаған. Хореограф осы музыкада кемел адамның бейнесін көріп, оны маған ұқсатты. Менің өнердегі шыңыма қалай біртіндеп көтерілгенім осы биде көрініс табады. Бұл нөмір көрермендерге өте қызықты болады деп ойлаймын, себебі ол басқа нөмірлерге ұқсамайтын тың дүние. Өз кезегімде хореографтың барлық талап-тілегін сахнада жүзеге асыруға тырысамын. Сұлтанбек – өте дарынды қоюшы, оның пластикасы бірегей, қиялында шек жоқ. Келешекте ол театрымыздың сахнасында ұлттық балеттік спектакль қояды деген үміттемін, – деп қорытындылады прима-балерина.
Мәдина Өнербаева жайлы сөз еткенде алдымен оның Китри, Аврора, Кармен сынды жарқын сахналық бейнелері ойға оралады. «Опералия» халықаралық фестивалі аясында өтетін кеш елорда тұрғындары мен қонақтарына «Астана Операның» прима-балеринасы әрі жетекші солисінің шығармашылығының жаңа қырларын ашуға мүмкіндік болмақ.
Telegram-канал: Мәдина Өнербаеваның шығармашылық кеші «Опералия» фестивалінің сәнін келтіреді