Көктемнің көптен күткен ғаламат оқиғасы: «Астана Балет» театрының Алматыға гастрольдік сапары

«Астана Балет» театры Алматыға жыл сайынғы гастрольдік сапары кезінде көрермен жүрегіне жол тартады. 10-18 мамыр аралығында Almaty Theatre сахнасында елордалық ұжым классиканы, халық хореографиясын, заманауи балет пен симфониялық музыканы біріктіретін мазмұнды әрі түрлі жанрдағы бағдарламасын паш етпек.
Гастрольдік көрсетілім шымылдығы 10-11 мамырда Blind forgiveness қойылымымен ашылады. Бұл – театр репертуарындағы тың ізденіске айналған рок-балет. Қоюшы-балетмейстер Кирилл Радев неоклассикалық пластиканы заманауи және театрлық монологпен байланыстыратын бірегей хореографиялық туынды шығарды. Қойылым адам бойындағы күрделі сезімдерін, ішкі тартысы мен кешірімшіл болу амалы жайлы ой толғайды. Арсений Смирновтың музыкасы қойылымға ерекше эмоционалды тереңдік дарытып, спектакльдің ажарын аша түсті.
13-мамырда көрермен қауым Симфониялық оркестр мен әлемге әйгілі скрипкашы Ержан Құлыбаевтың өнерін тамашалай алады. Кеш бағдарламасында Антонио Вивальдидің әйгілі «Жыл мезгілдері» мен аргентиналық маэстро Астор Пьяццолланың осы шығарманың танго мәнеріндегі интерпретациясын тыңдамақ. Ержан Құлыбаев – өз буынының ең жарқын өкілдерінің бірі, Washington Award сыйлығының лауреаты, беделді халықаралық байқаулардың жеңімпазы, әлемнің үздік сахналарында өнер көрсетіп, еліміздің өнерін шетелдерге дәріптеп жүрген дарын иесі.
15-16 мамырда Almaty Theatre сахнасында көрнекті хореограф Юрий Григорович қойған «Махаббат туралы аңыз» атты әйгілі балет көрсетіледі. Ғаламат сезім иірімдері мен терең парасатты спектакль балет өнерін жаңа белеске көтерген тың дүниеге айналды. Либретто негізіне драматург Назым Хикметтің философиялық пьесасы алынып, әсерлі музыкасын Ариф Меликов шығарып, ал, Симон Вирсаладзе көз жауын алар сценографияны жасаған болатын.
18 мамырда гастроль шымылдығы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти қойылымындағы «Ұлы Дала мұрасы» дивертисментімен жабылады. «Ұлы Дала мұрасы» – этнографиялық материал мен қазіргі заман хореографиясы үйлесім тапқан, алайда, ұлттық бидің қайталанбас өрнегі мен өзіндік болмысы сақталған хореографиялық миниатюралардың жиынтығы іспетті. Бұл хореографиялық миниатюраларда қазақ, түркі мәдениеті, бабалардың би мұрасы көрініс тапқан. Эстетика, көз жауын алар сахнадағы өрнек пен қайталанбас көркем бейнелер отандық хореография мектебінің биік деңгейін паш етеді.
«Астана Балет» театрының Алматыдағы гастролі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.