Шыңға көтерілген шындық

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің Ұлы жеңістің 80 жылдығына арнап ұйымдастырған «Ер есімі – ел есінде» жалпыреспубликалық музейлік акция аясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі «Жеңіс тарихы: әр сурет бір тағдыр» көрмесін ұйымдастырды. Көрмеде майдангерлердің фотоқұжаттары, Брест қамалының қабырғасынан алынған кірпіш фрагменті, Т. Бигелдинов, С.Д.Луганский, М. Ғабдуллин, С. Нұрмағамбетов, А. Хусаинов, Т. Қаумбаев және басқада тұлғалардың жеке мұрағаттарынан алынған экспонаттар қойылды. Тарихи маңызы бар деректердің арасынан кіші сержант Б.Бейсекбаевтың марапат белгілері – КП25926/1 Ресей Федерациясының Батыры «Алтын жұлдыз» медалі, КП25926/2 «Халық қаһарманы» аса ерекшелік белгісі «Алтын жұлдыз» және оларға қатысты құжаттар, КП25926/3 «Алтын жұлдыз» медалінің орден кітапшасы, КП25926/4 Ресей Федерациясының батыры атағы берілгендігі туралы грамота, КП25926/5 «Халық қаһарманы» атағын беру туралы №15 куәлігі ерекше көзге түседі.
Бақтыораз Бейсекбаевтың есімі кейінгі жылдарға дейін жалпы қауымға беймәлім болып келді. Ю.Семенов жазғандай: «Тарих – күрделі нәрсе, көп нәрсе мәңгілікке жоғалып кететін сияқты, бәрі жұмбақ болып, жылдар өтіп бара жатқан сияқты, бірақ жоқ, кенеттен шындық шыңға көтеріліп, жақсылыққа және сол сияқты зұлымдыққа қызмет еткендердің барлығын ерекше атап өтеді…». 1951 жылы Беларусь елінің Радошкович ауылында аты аңызға айналған Гастелло экипажының мүрделерін қайта жерлеу шарасы кезінде Бақтыораз Бейсекбаевтың есімі қарулас жолдастарымен бірге тарих бетіне шықты.
1941 жылдың 26 маусымында Смоленск қаласының маңындағы Боровское аэродромынан алыстан бомбалаушы 42-ші әуе дивизиясының 207-ші полкінің алғашқы күнгі айқастан кейін аман қалған ұшақтарының барлығы көкке көтеріледі. Оларға Минск қаласынан батысқа қарай 40 шақырым жерде орналасқан Радошкович поселкесінің айналасындағы немістің танк колоннасын бомбалау жүктеледі. Ұрыс алаңында екі топқа бөлінген ұшақтарды капитан Александр Маслов пен Николай Гастелло басшылық еткен ұшақтар бастайды. Ә дегенде екі топтың алғашқысын Александр Масловтың ұшағы бастап шығады. Құмырсқадай қыбырлаған жаудың танкілеріне ойран салып қайта бергенде жау жақтан атылған оқтан алдыңғы жақта келе жатқан ұшақтың екеуі де отқа оранады. Сол уақытта Гастеллоның ұшағы жақын маңайдағы бір жерге құлайды да, ақыры өлетінін сезген Маслов ұшағын жерде кетіп бара жатқан танкілерге қарай бағыттайды. Осы оқиғадан кейінгі түнде жақын маңдағы Декшнян ауылының тұрғындары ұшақ экипажы мүшелерінің денелерін ұшақтан шығарып, парашюттерге орап, жақын жерге жерлегені белгілі. Бұл оқиғаны көрген өзге ұшақтардағы экипаждар танктерге құлаған Гастеллоның ұшағы деп ұғады. Сөйтіп қан майданда ерліктің үлгісін көрсеткен азамат ретінде Гастеллоның атақ-даңқы әлемге тарайды.
Арада біраз жылдар өткен соң, яғни 1951 жылдың 12 мамырында күні Беларусьтің Әскери музейі Гастелло басқарған ұшақ экипажының мүрделерін орталық зиратқа әкеліп көму жөнінде Облыстық атқару комитетіне ұсыныс жасайды. Ондағы мақсат музей басшылығы соғыста қаза болған азаматтарға ескерткіш орнатпақ болған. Сөйтіп, зиялы қауым өкілдері, әскерилер және мектеп оқушыларының қатысуымен қазылған қабірдің ішінен Гастеллоның емес, Масловтың мәйіті шығады. Қабірден сонымен бірге Маслов пен оның экипаж мүшелеріне тиесілі көптеген заттар табылған.
Бұл туралы ресми органдарға хат жазылды. Алайда, сол кезде Жоғарғы Кеңестің Жарлықтарын жою мүмкін болмады. Сондықтан Орталық Комитет пен Қорғаныс министрлігі шындықты білсе де, тақырыпты жабық қалдырды. Сонымен бірге, қабірден табылған заттар бойынша Масловпен бірге жерленген экипаждың мүшелері Мәскеу облысының Коломенск ауданының тұрғыны лейтенант Балашов және Алматы облысының Іле ауданының тұрғыны кіші сержант Бақтыораз Бейсекбаев екенін растады. Бірақ оны ресми түрде мойындау үшін көптеген адамдар күш салуға мәжбүр болды.
Осы ерлік жасалған күннен кейін, тура 55 жылдан соң Ресей Федерациясы Президентінің Жарлығымен Маслов экипажының барлық мүшесіне Ресейдің Батыры атағы берілді.
КП25926/1 №0283 «Алтын жұлдыз» медалі, Ресей Федерациясының батыры, 1941-1945 ҰОС жылдарындағы ұшқыш, кіші сержант, Бақтыораз Бейсекбаевқа қайтыс болғаннан кейін 02.05.1996 жылы Мәскеу қаласында тағайындалған. «Алтын жұлдыз» медалі алтыннан дайындалады және алдыңғы жағында тегіс екі қырлы сәулелері бар бес бұрышты жұлдыз түрінде болады. Жұлдыз сәулесінің ұзындығы – 15 мм. Медалдің артқы жағы тегіс бетке ие және контур бойымен шығыңқы жұқа жиекпен шектелген. Медальдің сыртқы жағында дөңес әріптермен «ГЕРОЙ РОССИИ» деген жазу орналасқан. Жұлдыз ақ-көк-қызыл түсті жібек қатқыл лентамен қапталған тікбұрышты нысандағы тағанға қосылған.
КП25926/3 Медаль кітапшасы. Ресей Федерациясы батыры Б. Бейсекбаевтың «Алтын жұлдыз» медалінің кітапшасы, Мәскеу қаласы, Кремль, 2.05.1996 ж. 4 бет. Қағазы тығыз, ақ түсті. Мұқабасы – қоңыр түсті былғары, бет жағы қола бояумен бедерленген. Орден кітапшада Ресей Федерациясының Президенті Б.Н.Ельциннің қолы және мөрі қойылған. Қағаз, 10,5х7,5 см.
КП25926/4 Грамота. Бақтыораз Бейсекбаевқа қайтыс болғаннан кейін Ресей Федерациясының батыры атағы берілгендігі туралы грамота. Мәскеу қаласы, Кремль, 2.05.1996 ж. Қағаз тығыз, ақ, мұқабасы – қоңыр түсті, типографиялық баспа. 30х21,5 см
Кейінірек Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы мен Республикалық ардагерлер кеңесі жауынгерге «Халық қаһарманы» атағын беру жөнінде ұсыныс жасаған. Осыдан соң көп ұзамай аты Бахтурас Бейсекбаев болып бұрмаланып келген батырға Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағы беріледі.
КП25926/2 «Халық қаһарманы атағы» кіші сержант Б. Бейсекбаевқа қайтыс болғаннан кейін 08.05.1998 жылы тағайындалып, аса ерекшелік белгісі «Алтын жұлдыз» берілген. Белгі сәулелері екі қырлы жеті бұрышты жұлдыз түрінде болады. Жұлдыз көгілдір түсті жібекпен қапталған үшбұрышты пішінді тағанға қосылған. «Алтын жұлдыз» белгісі ҚР металл елтаңбасы мен бірге велюрден жасалған қаптамада орналасқан. Ақмола, 6.05.1998 ж. дм – 5,7 см
КП25926/5 Куәлік. Б.Бейсекбаевқа «Халық қаһарманы» атағын беру туралы №15 куәлік. 4 бет. Көгілдір түсті қағаз, мұқабасы – көгілдір түсті картон. Бет жағы қола бояумен бедерленген. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың мөрі мен қолы қойылған. 6.05.1998 ж.
Бақтыораз Бейсекбаев туралы мәлімет аз. Алматы облысы Балқаш ауданының Жиделі ауылында орта шаруа Шампек Бейсекбаевтың отбасында дүниеге келген. Отбасы еңбекқор болды, соның нәтижесінде таршылық көрмеді. Бірақ 1928 жылы ұжымдастыру кезеңінен кейін күнкөріссіз қалады. Сегіз жасар Бақтыораз балалар үйіне өткізіледі. Болашақта қиыншылық болмас үшін, ол үлкен ағасы Несібелінің атымен жазылады. Балалар үйінен Бақтыоразды баласыз орыс отбасы тәрбиелеуге алады. 1937 жылы үлкен ағасы Бақтыоразды тауып алып, оны Бақанасқа алып барды, сол жерде ол өзінің еңбек жолын қоныс аударушы-кәрістерге аудармашы болудан бастайды. Бірақ ол бейбіт жұмыспен ұзақ уақыт айналыспады. Келесі жылы, 1938 жылы Бақтыораз Бейсекбаев Қызыл Армия қатарына шақырылады. Ұлы Отан соғысы басталған кезде А.Масловтың экипажында 207-ші алысты бомбалаушы әуе полкінің 3-ші (24 маусымнан бастап 1-ші) эскадрильясында төменгі атқыш ретінде қызмет етті.
Марапат белгілері мен оған тиесілі құжаттарды 1997-1999 жылдары ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры болған Ермек Тоқтағалиұлы Жангелдин музейде мәңгілік сақтауға ҚР Президенті Н.Назарбаевтан қабылдап алды. Батыр өмір сүрген ауыл Қапшағай теңізінің суымен су астында қалды. Батырдың туыстары жоқ, сондықтан Президент марапаттарды ҚР Мемлекеттік орталық музейге сақтауға тапсырды.
Б.Бейсекбаевтың атына Астана қаласынан көше аты берілген, журналист Мейрамбек Төлепбергеннің авторлығымен кітап жазылып шықты, Балқаш ауданында Бақанаста үлкен ескерткіш орнатып, №2 орта мектепке атын берді. Ерлікпен қаза тапқан Бақтыораз Бейсекбаевтың даңқы ұрпақтан ұрпаққа жете бермек. Ол жасаған ерлік кейінгі жастарға үлгі болары анық.
Даметер Манасқызы Жолдасбаева
ҚР Мемлекеттік орталық музейі
Музейлік деректану және қолжазба
бөлімінің ғылыми қызметкері,
Алматы қаласы