Абай – жүрегімдегі шамшырақ

Бейжің қаласының қақ төріндегі саябақтардың бірінде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіш орнатылған. Мен сол ескерткіштің алдында тұрған сәтте, толқып кеттім. Бұл жай ғана шетелдегі бір ескерткіш емес, бұл – менің ішкі рухани әлеміммен үндескен сәт, менің балалық шағымнан осы күнге дейінгі сапарымның символы.
Мен кішкентай кезімде еліміз Абайдың 150 жылдығын атап өткенін анық есімде сақтаппын. Теледидардан Абай туралы деректі фильмдер көрсетіліп, бала-бақша мен мектеп қабырғасында оның өлеңдерін жаттап, қара сөздерінен үзінділер оқып жүрдік. Ол кезде бала көңілім Абайды ерекше қабылдап, төрт шумақ өлең шығарған едім. Есімде қалыпты:
Абай ата өлеңін күнде айтып жүремін,
Жаттап алып, ақылымда сақтап келемін.
Абайдай бол, білім ал дейді апай,
Мен енді мектепке кетемін.
Сол шақта Абай – биік, тылсым тұлға секілді көрінетін. Ал бүгінде, арада жылдар өтіп, ақынның 180 жылдығы қарсаңында Бейжіңдегі ескерткішінің алдында тұрып, Абайдың ойлары мені өмір бойы жетелеп келе жатқанын ұғындым.
Бейжің қаласының жүрегінде, қытай жұрты мен әлем туристері жүріп өтетін тыныш бақта қазақтың дара тұлғасы – Абай Құнанбаевқа арналған ескерткішке тағзым жасауға барған сәтте күн жылы, аспан ашық. Дәл жүрегімде бір ерекше толқу, өз ұлтымның рухын өзге елдің астанасында сезінудің қуанышы мен жауапкершілігі қатар туды.
Сол сәтте Абайдың көзіме тіке қарағандай болып: «Ұрпағым, менің арманым қайда? Сен оны жалғай аласың ба?» үнсіз сұрақ қойғанын сездім.
Осы оймен мен ескерткішке жақындап, үнсіз тұрып қалдым. Оның жүзінде даналық пен сабыр, тіпті болашаққа деген сенім бардай көрінді. Сол сәтте менің есіме Абайдың сөздері, өлең жолдары, қара сөздері мен өмір жолы тізбектеліп келе бастады. Бұл кездейсоқ саяхат емес, рухани кездесу болды.
Абай – мен үшін шекарадан тыс жатқан қазақ руханиятының елшісі. Мен осы уақытқа дейін Мәскеу, Ыстамбұл, Будапешт қалаларындағы Абай ескерткіштеріне арнайы барып, тағзым еттім. Менің арманым – Абай есімі берілген барлық көше мен ескерткіштерді бүкіл әлемде аралап шығу. Өйткені Абай – менің жүрегімде. Ол – менің тілім, мәдениетім, болмысым. Ол – менің ішкі компасым.
Абай шығармашылығы – тек әдеби мұра ғана емес. Ол – өмір сүрудің, ойланудың, болмысқа қарап, өз орныңды табудың мектебі. «Адам баласын сүй, адам баласы үшін» деген қағидат – қазіргі заман жастарына да ауадай қажет өмірлік ұстаным. Кәсіптік білім алып жатқан жастар, болашақ құрылысшылар, аспаздар, механиктер, инженерлер – бәрімізге Абайдың сөзі бағыт-бағдар бола алады. Себебі Абай – адал еңбек пен терең білімнің, рухани тазалық пен әділеттің символы.
Оның «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген сөзі – әрбір жасқа арналып тұрғандай. Бұл – кез келген мамандықтың қадірін ұғындыратын терең ой. Қарапайым жұмысшы да, оқытушы да, дәрігер де, инженер де – осы өмірдің кірпіші. Ең бастысы – өз орныңды тауып, қоғамға пайдаңды тигізу.
Абай бізге ұлтқа қызмет ету, жақсылықты насихаттау, жамандықпен күресу, өз-өзіңді тану сынды өмірлік бағыттарды көрсетті. Ол – бүгінгі ұрпақтың да бағдаршамы. Әр буын оны жаңаша таниды, қайта ашады. Себебі Абай – мәңгі тірі. Ол – бізбен бірге.
Мен CIPCC аясында Бейжіңде кәсіптік шеберлік пен журналистиканың жаңа қырларын үйреніп жүрген маған дәл қазір Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» деген өсиеті күн сайын есімде жаңғырып тұрғандай. Абайдың ілімі – тек әдебиет емес, өмірдің өзі. Ол әрбір жасқа «Өзіңді тап, еңбектен, шындықты ізде» дейді.
Мысалы, менімен бірге білім алып жүрген өзге елдің журналисттері де өз мәдениетінің даналарын мақтанышпен айтып жүр. Ал мен – Абаймен мақтанамын. Абай менің жауабым болды, Абай – менің тілім, ділім, түбім екенін әр сәтте сезіндім.
Абайдың «Толық адам» ілімі – әсіресе қазіргі жастар үшін аса өзекті. Өйткені бұл ілім жан мен тәннің, парасат пен жүректің үндестігін іздеуге, өмірді тереңірек түсінуге жол сілтейді. Жастардың өзін дамытуына, жүрекпен сезініп, ақылмен әрекет етуіне, қоғамның белсенді мүшесі болуына серпін береді.
Бейжіңдегі ескерткіш алдында тұрып, Абайға үнсіз тағзым ете тұрып, жүрегімде бір ғана ой туды: Абай – біздің елмен ғана емес, әлеммен үндесер тұлға. Оның мұрасын тек Қазақстанда емес, әлемнің түкпір-түкпірінде насихаттау – әрқайсымыздың парызымыз.
Сондықтан менің армандарымның бірі – Абайды әлемге таныту, оның атындағы көше мен ескерткіштерді аралау ғана емес, оның идеяларын жүрекпен түсініп, келесі ұрпаққа жеткізу. Абай мен үшін тек өткеннің ұлы тұлғасы емес – қазіргі өмірімнің шамшырағы.
Келесі жылы, бұйырса, әлем ұлы ақын және философ Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бұл мерейтой – Абайдың қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесін ғана емес, оның мәңгілік құндылықтарын да ұлықтайтын маңызды шара. Мерейтой аясында Абай бізге тағы да жақындай түседі, оның мұрасы әр түрлі мәдени шаралар мен білім беру жобалары арқылы ұрпақтар байланысын нығайтуда жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл тек ұлттық мейрам ғана емес, сондай-ақ халықаралық қауымдастық үшін Абайдың шығармашылығын тереңірек танып-білуге, оның философиясы мен дүниетанымын ұғынуға мүмкіндік беретін үлкен мүмкіндік. Абайдың 180 жылдығын атап өту – оның идеялары мен философиясын жастар арасында және әлемдік аренада насихаттауда жаңа бір белес. Өйткені, Абай – бізбен бірге.
Абай – менің жүрегімде!
Ғазиза Ұзақ
Бейжің қаласы