Алматыда шығыс қолжазбаларын консервациялау мен қалпына келтіру мәселелері бойынша халықаралық тәжірибе алмасу басталды

ҚР Ұлттық кітапханасында «Шығыс қолжазбаларын консервациялау және реставрациялау ерекшеліктері» тақырыбында семинар-тренинг басталды.

Іс-шарада қолжазбаларды превентивті сақтау әдістері, қалпына келтіру алдындағы зерттеулер, артефактілерді химиялық жолмен тазарту, шығыс қолжазбаларындағы түптеу элементтері, мәтіндерді біріктіру, қапталдарды тігу сияқты күрделі процестер бойынша дәрістер жүргізіліп, шығыс қолжазбаларын сақтау және қалпына келтірудің түрлі аспектілері тәжірибе жүзінде көрсетілуде.

Шеберлік сабақтарды Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігінің Мұрағаттар департаменті қолжазбалар институты Басқармасы кітап шипаханасының жетекші маман-реставраторы Гизем Ердем өткізіп жатыр.

Жиын аясында реставратор мамандар мен ғалымдардың қатысуымен кездесу өтіп, Қазақстандағы ең көне жазба мұралардың бірі – XII ғасырлық Қасиетті Құран қолжазбасын реставрациялау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ екі ел арасында меморандумға қол қою, көне жәдігерлерді зерттеу, тану және қалпына келтіру бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері келісілді.

Семинар жұмысына Қазақстан өңірлерінен келген кітапхана, архив және музей қызметкерлері, сондай-ақ Қырғыз Республикасының мамандары қатысуда.

Халықаралық тәжірибе алмасуға бағытталған семинар-тренинг жұмысы екі күнге жалғасады.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі