Талдықорғанда «Қажымұқан» фильмінің премьерасы өтті

Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында қазақтың әйгілі балуаны, Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасовқа арналған «Қажымұқан» көркем фильмі алғаш рет көрсетілді.

Фильмде даңқты спортшының өміріндегі маңызды кезеңдер көрермен назарына ұсынылды. Қажымұқанның тек спорттық жетістіктері ғана емес, оның бастан өткерген махаббаты, қиындықтары, даңқы мен өмірлік сынақтары да шынайы бейнеленген. Бұл туынды көрерменге Қажымұқан тұлғасын тереңірек тануға, өмірлік ұстанымы мен рух биіктігін сезінуге мүмкіндік берді.

Көрсетілім бір сағатқа созылып, оны Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырды.

Іс-шараға облыс басшылығының өкілдері, фильм режиссері Қанағат Мұстафин, басты рөлді сомдаған актер Диас Төлепберген, сондай-ақ мәдениет саласының қызметкерлері, шығармашылық зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты.

Фильмнің тұсаукесері Талдықорғанда өткенімен, бұл көрсетілімнің бастамасы ғана. Алдағы күндері фильм ауылдық округтердің тұрғындарына да ұсынылатын болады – кино көрсетілімдері облыс аумағындағы мәдениет үйлерінде жалғасын табады. Бұл өз кезегінде ұлы палуан жайлы тағылымды туындыны шалғай ауылдағы көрермендерге де жеткізуге мүмкіндік береді.