Неліктен субұрқақта шомылу денсаулыққа қауіпті?

Жаз – энтеровирустық инфекцияның белсенді таралатын маусымы. Энтеровирустық (серозды) менингит – бұл субұрқақтардағы сапасыз суды тұтынумен тікелей байланысты жедел жұқпалы ауру. Дене қызуының жоғарылауы, құсу, бас ауруы, менингиальды белгілер – бұл ауруға тән белгілер.
Қоздырғышы – энтеровирус. Инфекция ластанған тамақ, көкөністер мен жемістер, су арқылы, көбінесе ашық су қоймалары, бассейндер, субұрқақтарда шомылу арқылы жұғуы мүмкін.
Ыстық ауа-райының басталуымен көптеген тұрғындардың, әсіресе балалардың, шомылуға, сергуге деген ұмтылысы күшейеді және көбісі мұны субұрқақтардың көмегімен жасайды, кей кездерде одан су ішетіні байқалады. Субұрқақтар шомылуға және ішуге емес, эстетикалық мақсаттарға арналған.
Субұрқақтарда шомылу мүлдем қауіпсіз емес. Субұрқақтағы су қажет болған жағдайда ғана ауыстырылады. Бастапқыда ол жерге су құбыр арқылы келеді, бірақ ол тез ластанады. Су тұйық шеңберде айналады, яғни ресурстарды үнемдеу үшін бастапқыда құйылған су қолданылады. Субұрқақтағы суда сүзу жүйесі қарастырылмаған, бассейндегідей тазаланбайды және зарарсыздандырылмайды.
«Субұрқақтарда инфекциялық және паразиттік аурулардың тасымалдаушысы бола алатын әртүрлі қаңғыбас иттер, құстар жиі шомылады немесе су ішеді. Тиісінше, субұрқақтың суында ішек инфекцияларының бактериялары, вирустық «А» гепатиті, серозды менингит, энтеровирустық инфекцияның қоздырғыштары болуы мүмкін. Шомылғаннан кейін сіз жай ғана суық тигізіп қана қоймай, ауыр дертке де шалдығуыңыз мүмкін. Көптеген инфекциялық аурулар мүгедектікке немесе өлімге әкелуі мүмкін ауыр асқынуларды тудырады», – дейді Жетісу облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Кунбасова.
Сонымен қатар суық тию немесе күн соққысы туралы ұмытпаңыз. Сондай-ақ, субұрқақ плиткаларында сырғып кетуге болады. Субұрқақтарда шомылуды ұнататындарды күтетін тағы бір қауіп – құбырлар, сорғылар мен шамдар. Олар әртүрлі ауыр жарақаттардың себебі болуы мүмкін. Сонымен қатар, ол тоқ соғуы мүмкін. Балаларға субұрқақтарда шомылуға рұқсат бермеңіз. Балаларды осындай жерлерге демалуға жібергенде, оның салдары туралы ойланыңыз.
Ауырып қалмас үшін келесі ережелерді сақтау қажет: ішу үшін тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды қолдану; әр тамақ алдында және дәретханаға барғаннан кейін қолыңызды сабынмен жуу, жеке және қоғамдық гигиена ережелерін қатаң сақтау; жемістер мен көкөністерді жемес бұрын оларды щеткамен мұқият жуу, содан кейін қайнаған сумен шаю; түшкіру және жөтелу кезінде қолыңызбен, майлықпен, орамалмен жабу, жазғы маусымда тек ресми рұқсат етілген жерлерде шомылу, шомылу кезінде суды жұтып қоймауға тырысу; сырқаттанушылықтың жоғарылау кезеңінде бассейндерге, аквапарктерге барудан және ашық су айдындарында шомылудан бас тарту; жеке тұлғалардан және сауда үшін белгіленбеген орындардан азық-түлік сатып алмау.