Қытайда қырғыз халқының батырлық эпосы «Манасқа» арналған мәдени фестиваль өтеді

2025 жылдың 13–20 шілде аралығында Қытайдың Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданына қарасты Қызылсу-Қырғыз автономиялық округінде қырғыз халқының әлемге әйгілі ауызша эпосы — «Манас» жырын арқау еткен халықаралық мәдени-туристік фестиваль өтеді. Бұл туралы округ әкімшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Фестиваль аясында Қытай мен шетелден 300-ден астам қонақ қатысатын сегіз түрлі тақырыптық шаралар ұйымдастырылады. Олардың қатарында ғылыми конференциялар, эпос жыршыларының байқауы, сондай-ақ мәдениет пен туризм саласындағы әріптестік жөніндегі келісімдерге қол қою рәсімдері бар.
«Манас» — түркі халықтарының ортақ мұрасы. Ол дүниежүзіндегі ең көлемді батырлық жырлардың бірі, көлемі 500 мың жолдан асады. ЮНЕСКО бұл эпосты адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы ретінде мойындап, 2009 жылы арнайы тізіміне енгізген. Эпоста ежелгі қырғыз халқының тәуелсіздік жолындағы күресі, батыр Манастың ерлігі мен рухани мұраттары баяндалады. Бұл шығарма тек қырғыз халқының емес, күллі түркі дүниесінің тарихи және мәдени құндылығы болып саналады.
Ортақ мәдени байланыстарға көпір орнатылатын фестиваль барысында Қырғызстанның өңірлері мен Қызылсу-Қырғыз автономиялық округі арасында мәдениет, туризм және дене шынықтыру салаларында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылады. Бұл құжаттар материалдық емес мұраларды бірлесіп сақтау, спорттық жарыстар өткізу, шекаралық туризм мен сауданы дамыту, сондай-ақ трансшекаралық электрондық коммерцияны бірлесіп ілгерілетуге бағытталған.
Фестиваль — бұл тек бір халықтың рухани байлығын насихаттау ғана емес, Орталық Азия мен Қытай арасындағы тарихи-мәдени қарым-қатынастарды нығайтатын маңызды алаң. Сонымен қатар, бұл шара өңірдегі қырғыз диаспорасы мен басқа да түркі тектес халықтардың мәдени байланыстарын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Ғазиза Ұзақ
Telegram-канал: Қытайда қырғыз халқының батырлық эпосы «Манасқа» арналған мәдени фестиваль өтеді