Астанада «Самұрық-Қазына» қолдауымен 10 мектепте ерекше балаларға арналған инклюзия кабинеттері ашылады

Жаңа оқу жылында елордадағы 10 мектепте инклюзияны қолдау кабинеттері ашылады. Бұл мақсатқа 300,6 млн теңге бөлінеді. Оның 208 млн теңгесі – «Charity Samruk Marathon 2025» қайырымдылық марафоны аясында жиналған қаражат, қалғаны — «Samruk-Kazyna Trust» қорының бюджеті есебінен қаржыландырылады. Қазіргі уақытта нысандарда жөндеу және құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Астана қаласының Білім басқармасының ұсынысымен жаңа кабинеттер ерекше қажеттіліктері бар оқушылар үшін өзекті болып отырған №23, 29, 48, 54, 60, 71, 83, 91, 96 және 98 мектептерде іске қосылады. Жаңа сыныптардың арқасында 535 бала инклюзивті біліммен қамтылады. Бұған дейін де елордадағы 11 мектепте осындай кабинеттер ашылған болатын, соның бесеуі былтырғы қайырымдылық марафонының есебінен жүзеге асқан.
Осылайша, жаңа оқу жылында қор қолдауымен ашылған инклюзия кабинеттерінің жалпы саны 21-ге жетіп, Астанадағы ерекше қажеттіліктері бар оқушылардың шамамен 40%-ы қамтылады.
Кабинеттер open space форматында ұйымдастырылып, дефектолог, логопед, психологтарға арналған арнайы аймақтармен, сондай-ақ қыш шеберханасымен жабдықталады. Бұған қоса, заманауи спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген жеке емдік дене шынықтыру кабинеті де қарастырылған. Әр кабинет кемінде 60 шаршы метр аумақты алып жатыр, бұл балалармен жайлы жағдайда жұмыс істеуге толық мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жыл бойы педагогтар мен мамандарға арнайы оқыту және әдістемелік қолдау көрсетіледі.
Жоба «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржыландыруымен, «Қамқор инклюзив» және Астана қаласының әкімдігімен серіктестікте жүзеге асырылуда.