Халықаралық логистика орталығы ретінде дамып келе жатқан құрғақ айлақ

Бүгінде Қазақстандағы ірі құрылыс нысандары арасында 13 арнайы экономикалық аймақ ерекше орын алса, оның екеуі Панфилов ауданындағы шекара маңына орналасқан.

Ел Президенті Қ. Тоқаевтың халыққа Жолдауында осы арнайы экономикалық аймақтар жөнінде айтылып, олардың қызметін принципті жаңа бағытта ұйымдастырып, дамытудың жолдары да атап көрсетілді. «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА құрамындағы 129 гектар аумаққа салынған «Құрғақ порт» айлағының еліміздің экономикалық дамуы мен халықаралық транзиттік әлеуетінің артуына берер берекесі ерекше. Бұл жоба бүгінде Қазақстанның экономикалық күретамырына айналды. Алғашында «Құрғақ айлаққа» Қытай мемлекеті тарапынан тар танапты 3, Қазақстан тарапынан кең жолақты осынша теміржол желісі тартылып, соңғы бірнеше жылдан бері көрші елмен жүк алмасты. 2023 жылы мұнда тағы бірден теміржол желісі жасалып, жүк тасымалы еселеп артқан. Соның бір көрінісі АЭА аумағында күн сайын жүздеген шетелдік жаңа жеңіл автокөліктер, басқа да бағалы тауарлар әкелініп, одан әрі тасымалдануда.

Жақында халықаралық «Құрғақ айлақтың» құрылғанына 10 жыл толуына орай «Теміржол – болашаққа бастар жол!» атты жалпы тақырыпта «KTZE-Khorgos Gateway» ЖШС аумағындағы 10 сұрыптау жолының ашылу салтанаты өтті. Бұл оқиға еліміздің көлік-логистика саласындағы ерекше жаңалық болды. Біздің еліміз үшін маңызды стратегиялық жобаның «KTZE-Khorgos Gateway» аумағында салынған кеңдігі 1520 мм. 10 жолақты сұрыптау жолының және техникалық жөндеу жолағының ресми ашылу салтанатына Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек, «ҚТЖ Экспресс» ЖШС бас директоры мен орынбасары Дамир Қожахметов, «KTZE-Khorgos Gateway» ЖШС акционері, «КОСКО шиппинг» компаниясының басшысы Ван Юфен, ҚХР-дағы Лянюнган портының өкілі Ян Личжоу және «KTZE-Khorgos Gateway» ЖШС бас директоры Ибрагим Манабаев қатысып, «Құрғақ айлақтың» құрылғанына 10 жыл толуы және 10 сұрыптау жолының ашылу салтанатымен құттықтады.

Салтанатты шараға байланысты «Құрғақ айлақ» басшысы Ибрагим Қабылбекұлы кәсіпорында үлгілі еңбек етіп жүрген бір топ азаматтың ата-аналарын Алғыс хаттармен марапаттады.

– Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынған Жаңа Жібек жолының басты өткелінде тұрған «Құрғақ порт», оның басты операторы «KTZE-Khorgos Gateway» ЖШС-нің пәрменді жұмысының нәтижесінде бұл айлақ Орта Азияда теңдесі жоқ үлкен терминалға айналды, – деді Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек. Сондай-ақ, оның Ұлы Жібек жолы бойындағы халықаралық жүк тасымалында Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырған өте маңызды нүктеге айналып отырғанын, осы нүктеден Қытайдан Қазақстанға, біздің елден ҚХР тарабына, Орта Азия мен Таяу Шығыс елдеріне контейнерлер тиелген пойыздардың толассыз жүріп жатқанын, 10 жылдан бері осы теміржол бойындағы қарбалас қарым-қатынас облыс пен елге үлкен береке кіргізіп келе жатқанын сөз етті.

Компанияның бас директоры Ибрагим Манабаевтың айтуынша, бұрын пойыздарға контейнерлерді тиеу мүмкіндігі жылына 540 мың ЖФЭ-ні қамтыса, жаңа жолақтар іске қосылған соң бұл көрсеткіш жылына 800 мың ЖФЭ болмақ. Бұл «Құрғақ порт» дамуының үшінші кезеңінің басталғанын білдіреді.
– Осы өткен 10 жыл ауқымында біздің компания қарапайым өткел қызметінен халықаралық үлкен транзиттік орталыққа дейін өсті, – деді компания басшысы Ибрагим Қабылбекұлы.

Жыл сайын жүк алмасудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыру арқылы инфрақұрылымды жетілдіре отырып, жүк контейнерлерін тиеп, жөнелтудің рекордтық көрсеткіштеріне қол жеткізілді. Пойызға жүк тиеу мен оларды есепке алуды басқару автоматтандырылған жүйеге көшірілді. Халықаралық ISO сапа ұйымы жұмысты жоғары бағалады. Тіпті, елді жайлаған пандемия кезінде де жан-жаққа жүк жөнелту қарқыны кеміген емес. Жаңа салынып, іске қосылған 10 теміржол жолағының лентасын қию рәсімінен кейін алғашқы пойыз жүк тиейтін алаңға өтті. Оны салтанатты шараға жиналғандар қол соғып, қошеметпен қарсы алды. Ұжым мерейтойы Н. Головацкий атындағы Мәдениет үйінде жалғасты. Компания өзінің алғашқы 10 жылдық мерейтойын осындай толайым табыстармен салтанатты жағдайда қарсы алды. Ол 10 жылда халықаралық жүк тасымалындағы тұрақты жетістіктерімен шығыс пен батыстың дәнекер көпіріне айналды. Осы даму қарқыны бәсеңдемесе әлі талай жетістіктің куәсі боларымыз сөзсіз.