Заң көмегі қолжетімді! Жетісу облысында әділет саласының цифрлануы дамып келеді

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Әділет министрлігі халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және заң көмегінің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстарды іске асырып келеді.
Мәселен, Жетісу облысында «Халық заңгері», «Әділет кеңес береді», «Ашық есік күні», «Тегін заң көмегі күндері» сынды консультативтік-түсіндіру іс-шаралары өткізіліп, 2000-нан астам адам қамтылды. Ауылдық елді мекендерде 80-ге жуық «Құқық кабинеттері» ашылып, шалғай аудандардан азаматтар жүгінуде. Кабинеттерде заманауи ақпараттық жүйелер мен техникалық құралдар орнатылып, заңнамамен еркін танысуға барлық жағдай жасалған.
Бұл цифрлық реформалар шалғай аймақтардағы азаматтар үшін сот төрелігіне қолжетімділікті арттыруға бағытталған. Осы орайда іске қосылған «E-ZanKomegi» ақпараттық жүйесі мен «Zan Komegi» мобильді қосымшасы арқылы тұрғындар бейнеқоңырау арқылы заң көмегін онлайн форматта ала алады. Бүгінде жүйеде 57 адвокат пен заң кеңесшісі жұмыс істеуде. Сонымен қатар, тәулік бойы жұмыс істейтін бейнеқоңырау қызметі де іске қосылған.
«Е-нотариат» жүйесі арқылы бейнеқоңырау арқылы сенімхаттар мен келісімдер рәсімделді. Жүйеде QR-қол қою мен биометриялық сәйкестендіру сияқты қауіпсіздік шаралары қарастырылған.
«Робот сот орындаушы» жүйесі азаматтарға әкімшілік айыппұлдарды онлайн төлеуге мүмкіндік береді. 20 АЕК көлеміне дейінгі берешек бойынша істер автоматты түрде қозғалып, азаматтар жеке сот орындаушыға жүгінбей-ақ айыппұлдарын төлей алады. Бұл жүйенің іске қосылуымен өңірде 24 775 іс қозғалып, 541 млн теңге өндірілді. Қызмет ақысының 25%-ынан босату нәтижесінде азаматтар 35,7 млн теңге үнемдеген.
Биыл «Робот сот орындаушысының» құзыреті 40 АЕК-ке дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ, «Тараптар кабинеті» цифрлық құралы арқылы азаматтар атқарушылық істермен танысып, сот орындаушысына өтініш жібере алады.
Сонымен қатар, Әділет министрлігі жасанды интеллект элементтерін енгізіп, «Zan Komegi» қосымшасы мен «Әділет» жүйесі аясында құқықтық кеңес беретін чат-ботты тәжірибелік түрде іске қосты. Ол арқылы азаматтар тәулік бойы, демалыс күндері де, нақты заңнамаға сүйене отырып, тегін құқықтық ақпарат ала алады.
Құжаттарға апостиль қою қызметі де цифрлық форматқа көшірілді. Egov.kz порталы арқылы азаматтар апостиль қойылған құжаттарды қашықтан ала алады. Жыл басынан бері 127 қызмет онлайн түрде көрсетілген.