Жетісу облысында аса ауыр қылмыстардың 95 пайызы ашылды

Жетісу облысында жарты жыл ішінде жалпы қылмыстылық деңгейі 6,8 пайызға төмендеген. Былтыр 1690 факт тіркелсе, биыл 1575 құқықбұзушылық орын алды. Қылмыстардың көпшілігі Талдықорған қаласында, сондай-ақ Панфилов, Алакөл аудандары мен Текелі қаласында болған.
Статистика көрсетіп отырғандай, барлық санаттағы қылмыстар бойынша төмендеу бар. Ауырлығы төмен және аса ауыр қылмыстар айтарлықтай азайған. Сонымен қатар, ұрлық, тонау, қарақшылық және бұзақылық фактілері де күрт төмендегені байқалады. Қылмыстардың ашылу деңгейі де жоғарылап отыр: аса ауыр қылмыстардың 95 пайызы ашылған.
Сонымен қатар, белгілі бір бағыттарда өсім де байқалуда. Алаяқтық қылмыстары 8,4 пайызға көбейіп, интернет-алаяқтық 43,9 пайызға артқан. Бұл цифрлық технологиялардың кеңінен таралуына байланысты туындаған жаңа сын-тегеуріндер. Есірткі қылмыстарының да өскені тіркеліп отыр. Қоғамдық орындарда жасалатын құқықбұзушылықтар керісінше, 21 пайызға төмендеген.
Мәселені ерекше назарға алуды қажет ететін тағы бір бағыт – кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалған құқықбұзушылықтар. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың 83 пайызға өскені, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы суицид фактілерінің ұлғаюы – әлеуметтік және тәрбиелік бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігін көрсетеді.
Жетісу облысында жол-көлік оқиғаларының жиілеп кеткені алаңдаушылық тудыруда. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің облыстық департаменті таратқан деректерге сәйкес, жыл басынан бері өңірде 535 жол апаты тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 77 пайызға жоғары.
Апаттар салдарынан 59 адам қайтыс болып, 848 азамат түрлі деңгейдегі жарақат алған.
Апаттардың негізгі бөлігі елді мекендерде орын алған. Әсіресе, Талдықорған қаласы, Панфилов ауданы, Ескелді ауданы мен Каратал, Кербұлақ, Алакөл аудандарында және Текелі қаласында көрсеткіш жоғары. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар трассаларда – 88, ал облыстық деңгейдегі жолдарда – 51 жол апаты тіркелген.
Пешеход қауіпсіздігі өз алдына бөлек мәселе. Биылғы алты айда 149 адамды көлік қағу фактісі тіркеліп, соның салдарынан 9 адам көз жұмып, 140 адам жарақат алды.
Мамандар қалыптасқан ахуал барлық жол қозғалысына қатысушылардан сақтық пен жауапкершілік талап ететінін ескертеді. Қарапайым жол ережелерін сақтау арқылы көптеген қайғылы жағдайлардың алдын алуға болады.