Жетісу облысында әділет органдары цифрлық технологияларды белсенді енгізіп жатыр

Осының арқасында өңір тұрғындары заң қызметтерін жылдам әрі оңай алуда.

Әділет органдары заң қызметтерін қолжетімді, жедел және түсінікті ету мақсатында цифрлық технологияларды белсенді түрде енгізіп келеді. Жетісу облысында бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп, нақты нәтижелер беруде. Бұл туралы Б.Құранбек атындағы Журналистер үйінде Бақ өкілдерімен кездесуде Жетісу облысы Әділет департаментінің басшысы Ержан Еркенов баяндады.

Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында құқықтық мәдениетті арттыру мен азаматтардың құқықтық санасын дамыту маңызды екенін атап өткен. Осыған орай Әділет министрлігі халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Мәселен, биылдың өзінде Жетісу облысында «Халық заңгері», «Әділет кеңес береді», «Ашық есік күні», «Тегін заң көмегі күні» сияқты акциялар мен 2000-нан астам адамды қамтыған кеңес беру шаралары ұйымдастырылды.

Ауыл тұрғындарына ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта өңірде аудандық, ауылдық клубтарда, әкімдіктерде, демалыс орталықтарында орналасқан «Egov» бұрыштары негізінде 79 «Құқық кабинеті» ашылған. Бұл кабинеттер «Әділет», «e-otinish», «Закон» дерекқоры, «Ашық НҚА» порталы және басқа да ақпараттық жүйелермен қосылған. Жыл басынан бері бұл кабинеттерде шалғай аудандардың 660-тан астам тұрғынына кеңес берілді.

«E-ZanKomegi» ақпараттық жүйесі және «Zan Komegi» мобильдік қосымшасы іске қосылды. Видеоқоңырау арқылы азаматтар үйден шықпай-ақ заңгерлер мен адвокаттардан кеңес пен білікті заң көмегін ала алады. Жүйеге облыс бойынша 57 маман тіркелген.

Сонымен қатар «E-нотариат» бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйесі де сәтті жұмыс істеуде. Оның көмегімен азаматтар нотариусқа бармай-ақ бейнеқоңырау арқылы 465 сенімхат пен 147 ерлі-зайыптылар келісімін рәсімдеген (мүлікті басқаруға қатысты сенімхаттардан басқа). Идентификация биометрия және QR-қолтаңба арқылы жүзеге асырылады, құжаттар EgovMobile қосымшасындағы «Цифрлық құжаттар» арқылы қолжетімді.

Жаңашыл жобалардың бірі – «Сот орындаушы-роботтың» енгізілуі болды. Бұл жүйе 20 АЕК-ке дейінгі әкімшілік айыппұлдарға автоматты түрде орындау ісін қозғайды. Осы жүйенің арқасында 541 млн теңгеге 24 775-тен астам орындау ісі қозғалды, 43 млн теңге қарыз өтелді, азаматтар жекеменшік сот орындаушыларына төленетін 35,7 млн теңгені үнемдеді. Барлық процесс онлайн режимде – жеке келусіз және кезексіз жүргізіледі.