«Hassak» тобы ALMATY CIRCUS FESTIVAL-дің Бас жүлдесін иеленді

23–27 шілде күндері Алматы қаласы тағы бір халықаралық деңгейдегі жарқын оқиғаның орталығына айналды. Қала әкімдігінің қолдауымен өткен III Халықаралық цирк өнері фестивалі — ALMATY CIRCUS FESTIVAL әлемнің 20-ға жуық елінен келген талантты өнерпаздарды бір аренада тоғыстырды. Биылғы фестивальге 180-нен астам өтінім түсіп, байқау шеңберінде әуе гимнастары, эквилибристтер, акробаттар мен сирек жанр өкілдері өнер көрсетті.
Фестиваль шымылдығын қала әкімі Дархан Сатыбалды ашып, Алматының өнер мен мәдениет үшін ашық алаң екенін атап өтті. Бұл тек ресми сөз емес, көрермен күн сайын цирк аренасынан соған көз жеткізіп отырды.
Фестивальдің ең шулы әрі мақтанышпен айтатын сәті – Қазақ мемлекеттік циркінің «Hassak» тобының жеңісі. Олар бұрын-соңды әлемде қайталанбаған ерекше трюкті орындап, халықаралық қазылар алқасының таңдайын қақтырды. Нақтырақ айтқанда, топ мүшесі маңдай күшімен бір мезгілде үш адамды көтеріп, өткел баспалдағымен жүріп өтті. Бұл – 180 келіге жуық салмақты басқару ғана емес, нағыз кәсіби шеберліктің, жанқиярлықтың, отандық цирк мектебінің биіктігін көрсеткен сәт.
«Бұл жеңіс – тек біздің ғана емес, бүкіл қазақ циркінің ортақ қуанышы. Біз бұл марапатты Қазақ мемлекеттік циркінің 55 жылдығына және осы өнердің негізін қалаған ұлағатты ұстаздарымызға арнаймыз», – дейді топ жетекшісі Адилет Тиканов.
Жыл өткен сайын ALMATY CIRCUS FESTIVAL халықаралық деңгейде мойындалып, бүгінде әлемнің ең ірі он цирк форумының қатарынан орын алды. Бұл — Алматы мәдени өмірінің қайнаған ортасы екенін айғақтайтын тағы бір нақты дәлел.
Фестиваль аясында көптеген жаңа қойылымдар алғаш рет сахналанды. Сонымен қатар, бағдарламада әлемге әйгілі сайқымазақтың әсерлі нөмірі көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, есте қаларлық сәттердің біріне айналды.
Айта кету керек, фестивальдің шарықтау шегі әлі алда: 2–24 тамыз аралығында Алматыда жеңімпаздар мен жүлдегерлердің қатысуымен гала-концерттер өтеді.
Ғазиза Ұзақ
Фотосурет авторы: Тимур Эпов