Қазақстан жасөспірімдер және жастар құрамасы үздік үштікке кірді

Шымкент қаласында нысана көздеу мен стенд атудан XVI Азия чемпионатының 2-жарыс күні мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Пневматикалық тапаншамен 10 метрден оқ атудан Париж Олимпиадасына қатысқан Ирина Юнусметова финалға шығып, 134.9 ұпаймен 7-сатыдан көрінді.
«Іріктеудегі нәтижеме көңілім толады. Финалдағы қателік жүлдеге таласуға мүмкіндік бермеді. Алда сол кемшіліктердің орнын толтыру үшін көп жұмыс істеуім керек», –деді Ирина Юнусметова финалдан кейін Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Ертең Ирина Юнусметова мен Валерий Рахымжан аралас жұптық сында жүлдеге таласады. Қазақстан-2 командасында Эльдар Иманқұлов пен Валерия Попелова бақ сынайды.
Осыдан кейін жасөспірімдер мен жастар сынға түсті. Екі жас санатында да еліміздің Ұлттық құрамасы қола медаль жеңіп алды. Олар:
Қазақстан жасөспірімдер құрамасы – Асылым Жақия, Сәуле Әлімбек, Кристина Устинова (1662 ұпай);
Қазақстан жастар құрамасы – Кира Владимирова, Алиса Краденова, София Жукова;

Сонымен қатар бүгін стенд атудың скит бағдарламасында ерлер мен әйелдер арасында іріктеу кезеңі өтті. Ертең екінші айналымнан соң финалға шыққандар белгілі болады.
Қазір жалпыкомандалық есепте Қытай құрамасы көш басында тұр. Одан кейінгі сатыда Үндістан, Оңтүстік Корея командасы. Қазақстан еншісінде әзірге 3 қола медаль бар.
Айта кетейік, Азия чемпионатының ашылуы 16 тамызда өтіп, оған мәртебелі қонақ ретінде Халықаралық нысана көздеу федерациясының (ISSF) президенті Лучано Росси, нысана көздеуден Азия қауымдастығының президенті шейх Салман Сабах әл-Салем ас-Сабах, ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, ҚР спорттық ату федерациясының президенті Берік Асылов қатысқан. Ал өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ISSF президенті Лучано Россиді қабылдады. Кездесуде Лучано Росси нысана көздеу мен стенд атуды қолдап, шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты тереңдетуге белсенді атсалысуға дайын екенін білдірді.
Бұл жарысты Қазақстанның спорттық ату федерациясы Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырып жатыр. Shymkent Shooting Plaza спорт кешенінде 30 тамызға дейін ересектер, жастар мен жасөспірімдер арасында барлық дисциплинада (тапанша, винтовка, жылжымалы нысана көздеу, стенд атудан) сайыс өтеді. Биыл чемпионатқа құрлықтағы 27 Ұлттық федерациядан 750-ден астам мерген келді.



