Жетісу облысында газ турбиналық стансы салынады

Талдықорғанда жаңа газ турбиналық стансы салынуда. Оған жеке инвестор 37 млрд. теңге қаражат жұмсамақ. Жобаның алғашқы кезеңі осы күзде аяқталады.

Жаңа газ турбиналық стансы сағатына 84 мегаватт электр және 72 гигакалория жылу энергиясын өндіреді. Мердігер ұйымның өкілі Станислав Долгалевтің сөзінше, жылу электр стансысының алғашқы кезеңі биылғы қазан айында, екіншісі жыл соңына дейін, үшіншісі келесі жылдың аяғына қарай пайдалануға беріледі. Қаланың көптеген кәсіпорны мен тұрғын үйлері жылу мен электр энергиясын «Басқуат» жылу электр стансысы арқылы алады. Ол жарты ғасырға жуық уақыт бұрын салынған. Нысан 70%-ға тозған. Сондықтан екі қазанды ауыстыру жүріп жатыр.

– «Басқуат» бас қазандығында төрт қазандық бар. Екеуі жұмыс күйінде, қалғаны толық қалпына келтіріледі. Жұмысты қыркүйекке дейін аяқтау көзделіп отыр, – дейді «Басқуат» қазандығының басшысы Аян Тілеубеков.

Қазандық сағатына 210 гигакалория энергия өндіреді. Бірақ, халық саны мен тұрғын үй массивтерінің өсуіне байланысты қалаға тағы бір жылу электр стансысы қажет.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Бекетаевтың айтуынша, қалада 49 гигакалорияға арналған қазандық салынуда. Бұл Талдықорғанның бас қазандығына жүктемені 20% -ға төмендетуге мүмкіндік береді. Оған шаһарды кеңейту бойынша салынып жатқан жаңа шағынаудандар қосылады.

Аймақта жылыту маусымына дайындық үшін 14 млрд. теңге бөлінді. Қаражат 35 қазандықты жөндеуге және 16 шақырым жылу трассасын ауыстыруға жұмсалды.