Қарағандылық әртістердің «Астана Операдағы» бесінші гастролі табысты аяқталды

21-24 тамыз аралығында «Астана Опера» өз сахнасында гастрольдік сапармен келген Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының шығармашылық ұжымын қонақжайлылықпен қарсы алды. Меймандардың ересек аудиторияға ұсынған жарқын оперетталары, мюзиклдері мен Гала-концерті, сондай-ақ балаларға арналған қызықты музыкалық ертегілері мен қойылымдары «Астана Операның» жазғы репертуарына көрік берумен қатар елордалықтар мен қала қонақтарына ұмытылмас көңіл күй сыйлады.
Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры «Астана Операның» тұрақты меймандарының қатарында екенін айта кеткен жөн. Оперетта мен музыкалық комедия дәстүрлерін ұқыпты сақтап келе жатқан қарағандылық ұжымның елордалық театрдың Үлкен зал сахнасында осымен бесінші гастроль аясында өнер көрсетуі – жоғарыдағы сөзіміздің айқын дәлелі.
Гастрольдік бағдарлама оперетта әртістері мен симфониялық оркестрдің және балет труппасының орындауындағы ауқымды Гала-концертпен ашылды. Түрлі күндері көрермендердің назарына И.Штраустың танымал «Сыған бароны», И.Кальманның «Баядера» оперетталары, сондай-ақ Р.Феррейннің «Некоторые любят погорячее» әңгімесінің желісі бойынша жазылған Дж.Стайнның «Джазда тек қана қыздар» атты күлкілі әрі екпінді мюзиклі ұсынылды. Әрбір өнер көрсетуден кейін риза болған көрермендердің ду қол шапалақтары мен «Бәрекелді!» деген дауыстары толастамады.
Қатарынан бірнеше спектакльді тамашалаған жұртшылық қарағандылық ұжымға репертуарындағы ең үздік қойылымдарды алып келгендері үшін ризашылықтарын білдірді.
– Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры қаламызға гастрольмен келетінін естіген бойда ойланбастан бірден үш спектакльге билет алдым, себебі мен бұл ұжымды «Астана Операда» бірнеше жыл қатарынан өтіп келе жатқан гастрольдерінің арқасында жақсы білемін, труппа құрамында өте дарынды әртістер еңбек етеді. Әдеттегідей, солистер, симфониялық оркестр музыканттары бұл жолы да өздерінің жоғары шеберлік деңгейлерін паш етті, – деді Астана қаласының тұрғыны Лаура Бекбаева.
Ұжымның жас көрермендер үшін дайындаған И.Поляковтың «Етік киген мысық», О.Клюевтің «Сиқырлы гүл» және С.Цирюктің либреттосына «Алтын кілт» музыкалық ертегілері жазғы демалыста оқушылар үшін нағыз тосынсый болды.
Қойылымдарды қызыға тамашалаған балалар өздерінің алған әсерлерімен бөлісуге асықты.
– Жаңа оқу жылы басталғанда ұстазымыз жазғы демалысты қалай өткізгенімізді сұраса, біз қарағандылық театрдың «Алтын кілт» ертегісін тамашалағанымызды міндетті түрде қуана айтып береміз. Буратиноның хикаяларымен мультфильм арқылы жақсы таныспыз, алайда ағаш қуыршақтың бастан кешкен оқиғаларын өз көзімізбен көру мүлде басқа сезім екен. Бізге әртістердің өнерлері, костюмдері – барлығы да қатты ұнады, – деді Астанаға Аршалы ауданынан қонаққа келген апалы-сіңлілі Айзере мен Кәусар Темірбаевалар.
Барша көрермен қарағандылық әртістердің бұл шығармашылық сапарын осы жаздың ерекше оқиғасы ретінде есте сақтайтын болады. «Астана Опера» мен Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының жемісті ынтымақтастығының нәтижесінде көпшілікке қуаныш сыйлайтын мұндай гастрольдік өнер көрсетулер алдағы уақытта да жалғасын табары сөзсіз.



