Әзірбайжан туризмі Қазақстанда таныстырылды: Астана мен Алматыда өткен роудшоу достық көпірін нығайтты

Астана мен Алматыда өткен Әзірбайжан Туризм бюросының роудшоуы екі елдің туризм саласы мамандары үшін маңызды алаңға айналды. 19 және 21 тамыз күндері өткен шараға Қазақстанның 70 жетекші туристік агенттігі мен Әзірбайжаннан келген он компания, соның ішінде ұлттық әуе тасымалдаушы AZAL, ірі қонақүйлер мен туроператорлар қатысты.

Кездесу барысында қонақтарға Әзірбайжанның көпқырлы туристік әлеуеті ұсынылды. Каспий теңізі жағалауындағы демалыс аймақтары, Шахдаг тау-шаңғы курорты, бальнеологиялық орталықтар, тарихи-мәдени бағыттар және елдің заманауи инфрақұрылымы қазақстандық туризм өкілдерінің ерекше назарын аударды. 2025 жылы Бакуде өтетін Formula 1 Qatar Airways Әзірбайжан Гран-приі де қызығушылық тудырған басты тақырыптардың бірі.

Роудшоудың ресми бөлігінен кейін өткен B2B-workshop екі елдің туризм мамандарына іскерлік байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді. Қазақстандық агенттіктер әзірбайжандық әріптестерімен жаңа бағыттарды дамыту, туристік пакеттерді кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Іс-шараның мәдени бағдарламасы ерекше әсер қалдырды. Ұлттық билердің әуені, сахналық көріністер мен дәстүрлі асхананың дәмі залға жылы әрі достық атмосфера сыйлады. Әзірбайжанның тағамдары мен шараптары қонақтарға елдің мәдени мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді. Шара соңында қонақтар арасында ұтыс ойыны ұйымдастырылып, тәлейі барлар бағалы сыйлықтарды иеленді.

Әзірбайжан тарапынан сөйлеген өкілдердің айтуынша, бұл іс-шара тек туристік өнімдерді таныстырумен шектелмейді, ол екі ел арасындағы бауырластықты нығайтуға бағытталған.

«Қазақстан мен Әзірбайжанды ортақ тарих, тілдік және мәдени тамырлар байланыстырады. Біздің мақсатымыз – осы жақындықты заманауи туризм арқылы жаңа деңгейге шығару», – деп атап өтті ұйымдастырушылардың бірі.

Ресми деректерге сәйкес, Қазақстаннан Әзірбайжанға сапар шегетін туристер саны жыл сайын тұрақты өсуде. 2023 жылы бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 91 пайызға артқан. Ал 2025 жылдың қаңтар-шілде айларында Әзірбайжанға 58 841 қазақстандық саяхаттап барған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21 пайызға көп. Сарапшылардың пікірінше, мұндай өсімге визасыз режим, ыңғайлы әуе қатынасы және екі елдің тарихи-мәдени байланыстары әсер етіп отыр.

Туризм нарығындағы сарапшылар Қазақстан азаматтарының шетелдік демалыс бағыттарын таңдаудағы соңғы жылдардағы үрдісін де атап өтеді. Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктері әлі де көш бастап тұр. Алайда, соңғы уақытта Әзірбайжан бұл елдердің ізін ала, қазақстандық туристер үшін ең тартымды бағыттардың біріне айналып келеді. Географиялық жақындық, мәдени ортақтық және ыңғайлы авиарейстер бұл үрдісті күшейтуде.

Астана мен Алматыда өткен роудшоу Әзірбайжанның ТМД елдеріндегі кең ауқымды таныстыру турының бір бөлігі. Мұндай бастамалар екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттырып қана қоймай, Әзірбайжанды төрт мезгілге сай, әртүрлі туристік бағыт ретінде танытуға ықпал етуде.

Ғазиза Ұзақ

Telegram-канал: Әзірбайжан туризмі Қазақстанда таныстырылды: Астана мен Алматыда өткен роудшоу достық көпірін нығайтты

Telegram-канал: Азербайджан укрепляет туристические связи с Казахстаном