Си Цзиньпин ШЫҰ саммитінде маңызды баяндама жасады

1 қыркүйек күні Қытайдың Тяньцзинь қаласындағы Мэйцзян көрме орталығында Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 25-ші отырысы өтті. Жиынға Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин төрағалық етіп, «Алғашқы миссияға адал болып, жарқын болашаққа бірге қадам басу» тақырыбында маңызды баяндама жасады.

Си Цзиньпин сөзінде ШЫҰ-ның 24 жыл ішінде «Шанхай рухына» сүйене отырып, өзара сенім, теңдік, көпжақты ынтымақтастық пен мәдени әртүрлілікті құрметтеу арқылы аймақтық қауіпсіздік пен даму ісінде үлгі болғанын атап өтті. Ол ұйымның бейбітшілікті сақтаудағы, терроризмге қарсы күрестегі, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасын ілгерілетудегі рөлін ерекше бағалады.

Қытай төрағасы ШЫҰ-ның болашақтағы басым бағыттарын атады:

  • бірлік пен өзара құрметті сақтау, аймақтық тұрақтылық үшін ортақ жауапкершілік алу;

  • ынтымақтастық пен өзара тиімділікті күшейту, соның ішінде энергетика, жасыл экономика, цифрлық технологиялар мен инновация саласында;

  • ашықтық пен инклюзивтілікті қолдау, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту;

  • әділеттілік пен теңдікті қорғау, БҰҰ Жарғысының қағидаттарын сақтау;

  • ұйымның тиімділігін арттыру, шешім қабылдау және механизмдерін жетілдіру.

Саммитке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Беларусь, Үндістан, Иран, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан басшылары, сондай-ақ ШЫҰ Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев қатысты. Көшбасшылар Қытайдың ұйым дамуына қосқан үлесін жоғары бағалап, алдағы кезеңдегі ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады.

Отырыс қорытындысы бойынша Тяньцзинь декларациясы, ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы, Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуы мен БҰҰ құрылуының 80 жылдығына арналған ортақ мәлімдеме, сондай-ақ қауіпсіздік, экономика және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған тағы 24 құжат қабылданды.

Сонымен қатар, Лаосқа ШЫҰ-ның диалог серіктесі мәртебесі беріліп, 2025-2026 жылдардағы төрағалықты Қырғызстан қабылдады.