Еркін күрестен Қазақстан құрамасы Загребтегі әлем чемпионатында 2 медаль жеңіп алды

Еркін күрестен Қазақстан Ұлттық құрамасы үшін Загребтегі ересектер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Хорватия астанасында біздің палуандар 10 салмақта сынға түсіп, 2 қола жүлдеге қол жеткізді. Алғашқы жарыс күні бозкілемге шыққан Асылжан Есенгелді (-61 кг) мен Нұрқожа Қайпанов (-70 кг) өз салмағында үздік үштікті түйіндеді. Осы жолы Нұрқожа әлем чемпионаты жүлдегерінің қорын толық жинады. Ол 2019 жылы Қазақстанда күміс, былтыр Албанияда 70 кг дейінгі салмақта алтыннан алқа таққан.

Сондай-ақ кеше тағы бір отандасымыз Камиль Куруглиев қола жүлдеге таласты. Ол 92 кг дейінгі салмақта 3 дүркін Азия чемпионы Амирхосейн Биглар Фиразпурға (Иран) есе жіберіп, үздік бестіктен көрінді. 20 жастағы ақтаулық палуан бір ай бұрын Болгарияда өткен аталған жас санатындағы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған. Бұл оның ересектер арасындағы алғашқы дүниежүзілік бәсекесі.

Әлем чемпионатының нәтижесіне байланысты еркін күрестен Ұлттық құраманың бас бапкері Мадияр Құрамысов былай пікір білдірді.

«Биыл команда Хорватиядағы әлем чемпионатын 2 қола жүлдемен аяқтады. Біз жүлдеге таласады деген тағы бірнеше спортшы үмітті ақтай алмады. Олардың бар мүмкіндігі болды. Жеребе де жақсы түсті. Жоспар бойынша 4-5 медаль аламыз деп келген едік. Ересектер үшін биылғы халықаралық жарыстар аяқталды. Алда кемшіліктерді түзеу үшін жұмыс істейміз»,-деді бас бапкер Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Назарыңызға осыған дейінгі 5 әлем чемпионатындағы еркін күрестен Қазақстан құрамасының нәтижесін ұсынамыз:

2024 жыл, Тирана – 1 алтын (Олимпиада бағдарламасына кірмейтін салмақтар бойынша өткен)

2023 жыл, Белград – 1 алтын, 1 қола медаль;

2022 жыл, Белград – 1 қола медаль;

2021 жыл, Осло – медаль алмады;

2019 жыл, Нұр-Сұлтан қаласы – 2 күміс, 2 қола медаль;

Сонымен қатар бүгін Халықаралық күрес федерациясы (UWW) келесі жылы ересектер арасындағы әлем чемпионаты өтетін мемлекетті атады. 2026 жылғы күрес әлемінің үздіктері 5-13 қыркүйек аралығында Бахрейннің Манама қаласында күш сынасады.

Айта кетейік, Загребтегі бәсекеге еркін күрестен 62 мемлекеттің таңдаулы 307 спортшысы қатысты. Олардың қатарында Олимпиада чемпионы – 6, Олимпиада жүлдегерлері – 14, әлем чемпионы – 7, Азия мен Еуропа чемпионы – 23.

Хорватиядағы күрес түрлерінен әлем чемпионаты 21 қыркүйекке дейін жалғасады. Алдағы күндері әйелдер және грек-рим күресінен жүлдегерлер белгілі болады. Елімізде бәсекені Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетіп жатыр.

Загребтегі әлем чемпионатынан фото және видео мында:

Facebook:

https://www.facebook.com/share/1CdcQinEGx/

Instagram:

https://www.instagram.com/qaz_team_official?igsh=NmlnZmN5MTdmb3Zq

Telegram:

https://t.me/DRSQazaqstan