ЕҚДБ Қазақстандағы жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді

Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Қазақстандағы жас кәсіпкерлер үшін қаржыландыруға қолжетімділікті жақсарта отырып, микро-, шағын және орта кәсіпорындарды (ШОК) қолдайды және жергілікті микроқаржылық ұйым Arnur Credit-ке 7 миллион АҚШ долларына дейін (6 миллион еуро) несие береді.
Несие Орталық Азияға арналған ЕҚДБ-нің «Жастар бизнесте» (Youth in Business, YiB) бағдарламасы аясында беріліп, Қазақстандағы шағын бизнесті қолдауға бағытталған. Бұл YiB бастамасы аясында Arnur Credit-ке беріліп отырған екінші несие болып табылады. Аталмыш бастама жастар кәсіпкерлігін және жұмыспен қамтуды ынталандыруға бағытталған.
ЕҚДБ жас кәсіпкерлерді олардың қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту, жұмыспен қамтылу мүмкіндіктерін арттыру, сондай-ақ Қазақстандағы макроэкономикалық және әлеуметтік реформаларға жәрдемдесу арқылы қолдауға ұмтылады.
Қаржылық қолдаудан бөлек, талаптарға сәйкес келетін шағын компаниялар мен кәсіпкерлер өздерінің кәсіпкерлік дағдыларын ЕҚДБ-нің «Шағын бизнеске кеңес беру» бағдарламасы аясында ұсынылатын оқыту, кеңес беру қызметтері және іскерлік байланыстарды орнату мүмкіндіктері арқылы дамыта алады. Arnur Credit осы жылы бұрын YiB бастамасы аясында ЕҚДБ-мен бірлесіп сарапшылардың жетекшілігімен қарқынды оқыту жүргізген Қазақстандағы алғашқы серіктес қаржы ұйымы болды, бұл оқытудан Шымкент, Түркістан және Алматыдан келген 65 жас кәсіпкер пайда алды.
ЕҚДБ Қазақстандағы 340 жобаға 10 миллиард еуродан астам қаражат инвестициялады, қаражаттың басым бөлігі жеке кәсіпкерлікті қолдауға бағытталды.


