«Samruk» би труппасы Кореядағы ең ірі маска фестиваліне арнайы шақырту алды

«SAMRUK» заманауи би труппасы Оңтүстік Кореядан арнайы шақырту алып, Азияда өтетін ең ауқымды мәдени оқиғалардың бірі де, бірегейі – «International Maskdance Festival – 2025» аясында өтетін «World Mask Play Competition» халықаралық байқауында өнер көрсетуде. 25 қыркүйек пен 6 қазан аралығында өтіп жатқан бұл фестиваль Кореяның рухани бесігіне айналған Андон қаласында ұйымдастырылып, әлемнің 30-дан аса елінің шығармашылық ұжымдарын бір сахнада тоғыстырды.

Қазақ халқының ұлттық болмысы мен мәдениетін таныстыратын ұжым бұл шараға арнайы жаңа бағдарлама дайындаған. Труппа Кореяда 5 жаңа премьера ұсынып, фестивальдің басты шарты бетпердемен орындалатын би өнерін көрсетті. Ең ерекшелігі бетперде дәстүрі Корея халқының театр өнерінің ажырамас бөлігіне айналғанымен, қазақ мәдениетінде бұрын соңды болмаған. Дегенмен, «SAMRUK» заманауи би труппасы бұл күрделі қойылымды жаңаша бағыт пен ұлттық дәстүріміз арқылы көрсетуді өздеріне мақсат еткен. Бұл ұжым үшін тек тәжірибе ғана емес, біздің замануи би өнеріне жаңа бағыт әкелетін батыл қадам деп есептеуге болады.

Гүлнара АДАМОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрдың негізін қалаушы әрі көркемдік жетекшісі:

– Фестиваль екі аптаға созылып, күн сайын 3 реттен қойылымдар көрсетіледі. Әлемнің түкір-түкпірінен келген өнер ұжымдары таңнан кешке дейін өз бағдарламаларын non-stop форматында ұсынады.Фестивальдің биылғы тақырыбы – «Бетперде биі: Көп қырлы болмысты іздеу». Біз осы тақырып бойынша көлемді жаңа қойылымдар, жаңа костюм дайындаудамыз және фестиваль аясында байқауға да қатысуға ниеттіміз. Біз үшін үлкен жауапкершілік болып тұрғаны бетпердемен  қойылым қою. Қытай, Корей, Жапония халқы үшін бұл қалыпты болғанымен, қазақ мәдениетінде кездесе қоймағанын білесіздер. Сондықтан бұл біз үшін ең бірінші кезекте үлкен тәжірибе және ел намысын абыроймен қорғап, мәдениетіміздің жаңа қырын ұлттық бояумен көрсетудегі үлкен бастама болмақ».

«SAMRUK» заманауи би труппасы – 1998 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлнара Адамованың бастамасымен құрылып, ұлттық болмысты заманауи би өнерімен ұштастыра білген алғашқы кәсіби театр. Ұжымның сахналық жұмыстары өзіне тән терең мағынамен, айшықты сюжетпен және бірегей би шешімдерімен ерекшеленеді. Қазіргі таңда труппа Алматы қаласы мәдениет басқармасының «Алматы әуендері» шығармашылық ұжымына қарасты.

«SAMRUK» театрының «Andong Maskdance Festival – 2025» фестиваль аясында еліміздің атынан қатысуы, бұл ұлттық мәдениетіміздегі заманауи би өнерінің әлемдік сахнада танылуына үлкен септігін тигізбек. Ұжымның халықаралық сахнадағы әр қадамы сәтті болып, өз өнері арқылы еліміздің атын шығара беруіне тілекшіміз. Шығармашылық табыс және жарқын жетістіктер тілейміз.