Сахнада «Оптимистік трагедия»: Жер бетіндегі қатігездік пен соғысқа қарсы көркем наразылық
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында АҚПАННЫҢ 28-і күні «ОПТИМИСТІК ТРАГЕДИЯ» спектаклінің ПРЕМЬЕРАСЫ өтеді.
Әйгілі драматург Всеволод Вишневскийдің «Оптимистическая трагедия» пьесасының желісі бойынша сахналанатын бұл қойылым әдеттегі спектакльдерден өзгеше. Жанры — драма-жаңғырық. Режиссері халықаралық аренада сахналанып жүрген спектакльдерді қойған шығармашылық иесі, Бурятия мемлекеттік сыйлығының иегері, «Золотая маска – 2021» номинанты — Сергей Левицкий. Аударған – жазушы, драматугр Әлішер Рахат.
Сұрапыл соғыс заманында миллиондаған адамдардың тағдыры күйреді, өмірлері адам шошырлық деңгейге жетті. Сол замандарда адамдардан адалдық пен жанашырлық сезімдері түбірі қалмай жойыла бастады.
«Қатігездік, қиын кезеңдер туралы пьесаны не үшін сахналауда?» деген сауалдар көрермен көкейін мазалауы әбден мүмкін. Қойылым – жер бетіндегі арсыздық атаулыны ақтап алатындарға, оны насихаттаушылар мен озбырларға қарсы көркем наразылықтың белгісі болып табылады.
«Театр ішіндегі театр» форматы – актерлерге кейіпкерлерді сомдамай, оларды көрермендер алдында сол жерде, осы қазір ғана көргендей жұмыс істеуге мүмкіндік береді. «Оптимистік трагедия» – көрерменді бей-жай қалдырмайтын, тақырыптары жарқын да батыл формалар арқылы өрбіп, заманауи сахналық театр тілімен жеткізілетін көркем қойылым. Театр үшін биылғы жылдың үшінші премьерасы саналатын спектакль актерлік құрамы, тың режиссерлік шешімі мен кәсіби мамандар бағалайтын формасымен таңдандырады деп сенеміз. Жыл басын Ш.Айтматовтың «Ақ кемесімен» (реж.: Д.Жұмабаева) бастап, ақиық ақын жырларымен өрнектелген «Мұқағали. Музаға…» (реж.: Ф.Молдағали) әдеби-музыкалық кешімен жалғастырған театрдың кезекті туындысы театрдың жаңа бағыттарға батыл қадамдар жасайтынын аңғартады.
Аталмыш спектакльде көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп жүрген Жанар Мақашева, Мақсат Рахмет, Мақсат Сәбитов, Ұлан Болатбек, Нұржан Әбубәкір сынды әртістер басты рөлдерді сомдайтын болады. Тағы бір айта кететін маңызды ақпарат, қойылымды 18 жасқа толған көрермендерге көруге рұқсат етілген.
Көрермен көңіліне әсер етер туындылар ұсынудан жалықпайтын театр ұжымы «Оптимистік трагедия» спектаклінің премьерасынан соң, көп күттірмей наурыз айының 21,22 жұлдызында «Болмаған балалық шақ» (авт.:А.Елгезек, реж.: Ф.Молдғали) спектаклінің тұсаукесерін ұсынады. Саф өнердің жан сарайыңды ашар туындыларынан қапы қалмаңыздар.