Қытай мен Қазақстан ынтымақтастығының жаңа кезеңі: Астанада Солтүстік Қазақстан облысының таныстырылымы өтті

Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшілігінде Солтүстік Қазақстан облысының инвестициялық және экспорттық әлеуетіне арналған қазақстан-қытай B2B кездесу өтті. Іс-шараны ҚХР Елшілігі мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды.
Кездесудің мақсаты – өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті мен жоғары сапалы өнімдерін таныстыру, қытайлық кәсіпорындардың назарын тарту және екіжақты сауда-инвестициялық байланыстарды нығайту болды. Бағдарлама аясында Солтүстік Қазақстан өнімдерінің көрмесі, ресми ашылу рәсімі, бизнес форумы және екі ел кәсіпкерлері арасындағы жеке келіссөздер өтті.
Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшісі атап өтті, бұл форматтағы іс-шараны Елшілік алғаш рет өңір деңгейінде өткізіп отыр:
«Солтүстік Қазақстан облысы – біздің Елшілік осындай форматтағы іс-шараны ұйымдастырған алғашқы өңір. Бұл Қытай мен Қазақстан арасындағы өңірлік ынтымақтастықты тереңдетуге және жаңа серіктестік мүмкіндіктерін ашуға бағытталған маңызды бастама», – деді Елші.

Елшінің айтуынша, екі ел басшыларының стратегиялық жетекшілігінің арқасында Қытай мен Қазақстан арасындағы сенім бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті, ал сауда-экономикалық байланыстар тұрақты өсіп келеді. 2024 жылы екіжақты тауар айналымы 43,8 млрд АҚШ долларын құрап, 6,8%-ға артқан.
«Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі және ірі инвесторларының бірі болып табылады. Біз Солтүстік Қазақстан өңірінің ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және пайдалы қазбаларды игеру салаларында зор әлеует бар екенін көреміз. Бірқатар қытай компаниялары өңірде зауыттар салып, жергілікті экономиканың дамуына және халықтың әл-ауқатына үлес қосып келеді», – деді дипломат.
Іс-шараға қатысушылар өңірлік әріптестікті кеңейту, ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай нарығына экспорттау, сондай-ақ ғылыми-техникалық және өнеркәсіптік кооперацияны дамыту мәселелерін талқылады.
Кездесу соңында тараптар өзара байланыстарды одан әрі нығайтып, жаңа нәтижелерге қол жеткізуге ниетті екендерін білдірді.



