Coca-Cola İçecek Kazakhstan инженерлік және техникалық кәсіптерді таңдаған қыздарды қолдау мақсатында Tañdauym бағдарламасын іске қосты

Coca-Cola İçecek Kazakhstan (CCI) компаниясы Орталық Азияның Еуразия Қорымен (ОАЕҚ) бірлесіп, техникалық мамандықтардың жоғары курс студент қыздарының әлеуетін дамытуға және инженерлік пен өндірістік салаларда кәсіби өсуіне қолдау көрсетуге бағытталған ұзақтығы алты айлық Tañdauym стипендиялық бағдарламасын іске қосты.

Бағдарлама болашақ мамандықтарда өзін дамытуды көздейтін қыздарға арналған. Tañdauym жас қыздардың өзіне деген сенімділікті арттыруға, кәсіби құзіреттерін дамытуға және техникалық-инженерлік бағыттарда табысты бастау үшін қажетті практикалық тәжірибе алуға мүмкіндік береді.

Бұл бастама мемлекеттік саясатпен де үндес: 2025 жыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланған. Бұл білікті кадрлар даярлау мен техникалық мамандықтардың беделін арттырудың маңызын көрсетеді.

Ranking.kz зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда әйелдердің STEM бағыттарына көптеп түсуі мен олардың кейінгі жұмысқа орналасуы арасында айырмашылық бар. Математика және статистика мамандықтары бойынша студенттердің 61,7%-ы – әйелдер, физика-химия бағыттарында да студенттердің төрттен үші – әйелдер. Алайда, оқу аяқталған соң олар инженерлік және өндірістік салаларда сирек жұмыс істейді. Негізгі себептердің қатарында тəжірибелі үлгі тұтарлық мамандардың аздығы, менторлық пен практикалық мүмкіндіктердің жеткіліксіздігі, сондай-ақ өз күшіне деген сенімнің төмендігі аталады.

CCI Kazakhstan осы зерттеу нәтижелерінен кейін қыздарға бұл кедергілерді жеңуге көмектесетін арнайы бағдарламаның қажеттілігін анықтап, Tañdauym бастамасын әзірледі.

Қатысушыларды іріктеу екі кезеңде өтті: сауалнама толтыру және симуляциялық ойын. Нәтижесінде Алматыдағы 6 университеттен 30 финалист таңдалды. Жарты жыл ішінде қыздар тәжірибелі менторлармен жұмыс істейді, тренингтерге қатысады, өндіріс орындарына стади-визиттер жасайды және кәсіби әрі техникалық дағдыларын дамытуға арналған білім беру гранттарына ие болады.

Tañdauym аясында жеке менторлық қолдау, көшбасшылық және коммуникация бойынша тренингтер, soft skills дамыту, сондай-ақ қатысушылар шынайы өндірістік ортамен танысуға мүмкіндік алатын өндіріс орындарында тағылымдамадан өту қарастырылған.

«CCI Қазақстанда біз бизнесіміздің барлық бағыттарында гендерлік теңдікке айрықша назар аударамыз. Қазақстанда 3 зауытымыз бар және техникалық әлеуетімізді осы саладағы таланттарды тарту мен дамытуға пайдалануға тырысамыз. Tañdauym  бағдарламасы арқылы  біз жас қыздарды техникалық кәсіптерді батыл таңдауға және осы бағытта мансап құруға  шабыттандыра аламыз деп сенеміз», – деді Coca-Cola İçecek компаниясының Орталық Азия мен Кавказдағы корпоративтік коммуникациялар және тұрақты даму жөніндегі директоры Әлима Исімбаева.

«Tañdauym  ұсынатын мүмкіндіктер қыздардың кәсіби дағдыларын дамытумен бірге бір-бірін қолдайтын, болашақта ел экономикасының дамуына үлес қосуға дайын пікірлестер қауымдастығын қалыптастыруға көмектесетініне сенеміз», – деп атап өтті Орталық Азияның Еуразия Қорының бағдарламалар менеджері Ақмарал Қарлыбаева.