Сурдлимпиада 2025: Грек-рим күресінен қазақстандық спортшылар финалға шықты

XXV-ші жазғы Сурдлимпиада ойындарының алтыншы жарыс күнінде грек-рим күресінен жарыстар басталды. Белдесуге 6 спортшымыз шығып, оның екеуі финалға өтті.

130 кг салмақта отандасымыз Хайратхаан Шонку алғашқы белдесуінде украиндык палуан Сергей Драханды 11:2, ширек финалда грекиялық Александр Парадотосты 5:2, жартылай финалда жапондық палуан Кен Согабені  3:2  есебімен жеңіп, финалға шықты.

67 кг салмақта Андрей Самарин алғашқы белдесуде қырғыз палуаны Дінмұхамед Бигелдиевті 5:2, 1/4 финалда  болгариялық Дилиан Димитровты 8:0 және жартылай финалда  армениялық Жора Грегориянды 8:0 есебімен жеңіп, келесі күні финалда алтын медальға таласады.

97 кг салмақта Рамазан Әбдрасіл алғашқы белдесуінде АҚШ палуаны Энрике Рамиресті 8:0,  ширек финалда болгариялық Атанас Ивановты 5:0 есебімен басым түссе,  1/2 финалда украиндық  Андрей Косовқа 8:12 есебімен есе жіберді. Рамазан келесі күні қола жүлде үшін таласта жұбаныш белдесулерінде сынға түседі.

Жарыста Ердаулет Жолдыхан (60 кг), Абзал Досжанов (77 кг) және Рамазан Әзи (87 кг) ширек финалдағы белдесулерде қарсыластарына есе жіберді.

Еске сала кетсек,  XXV-ші Сурдлимпиада ойындары басталғалы Қазақстан 13 медаль жеңіп алды: 6 алтын, 2 күміс және 5 қола. Жарыстар 26-шы қарашаға дейін жалғасатын болады.