Талдықорғанда Жалайыр даңғылы бойына көпқабатты үйлер салынады

Қала әкімі Ернат Бәзіл келесі жылы Жалайыр даңғылы бойында салынатын көпқабатты тұрғын үйлердің жобасын қайта қарап, кей мәселелерді пысықтады.
Облыс орталығы жыл сайын кеңейіп, жаңа шағын аудандар бой көтеруде. Оның дәлелі алдағы жылдары Қаратал өзенінің оң жақ жағалауын дамыту жоспарланып отыр, сондай-ақ 11,12,13-ші шағын аудандар да салынады. Сонымен қатар, 2026-2027 жылы аралығында Жалайыр даңғылы бойында көпқабатты тұрғын үйлер салынбақ. Бұл жұмыстар биылғы жылы бастау алды.
Жалпы, Жалайыр даңғылы бойына 4 мердігер ұйым 20-дан астам 9 және 12 қабаттан тұратын тұрғын үйлер салуды жоспарлап отыр.
Қала әкімі жобаны қайта қарап, әлі де пысықтау қажет тұстарын атап өтті. Сондай-ақ, қолға алынып жатқан барлық жобалардың қала экономикасының әлеуетін арттыруға бағытталғанын айтып, олардың тұрақты бақылауда болуын тапсырды.


