Фигаро осында!

Барлық уақыттағы басты опералық комедия – Джоаккино Россинидің «Севильдік шаштараз» спектаклі «Астана Операда» көрермендердің назарына ұсынылады. 7-8 ақпанда Севильяның әккі алаяғы туралы хикая көпшілікті қарқынды ырғағы, әртістік жарқылы, жігері, әзіл-қалжыңы және шебер вокалдық әдістерімен таңғалдырады.

«Севильдік шаштараз» қызықты спектаклі лайықты түрде опера-буффа жанрындағы эталон саналады. 1816 жылы премьерасы өткен күннен бастап екі жүз жылдан астам уақыт ішінде бұл опера бұқаралық мәдениетке мықтап енді: оның әуендері Багза Баннидің және Том мен Джерридің шытырман оқиғаларын сүйемелдеп, «Азамат Кейннен» бастап «Миссис Даутфайрге» дейін ең әйгілі кинотаспалар мен «Симпсондарда» шырқалды.

Барлық іс-әрекет Фигароның айналасында өрбиді. Оның бейнесі әлдеқашан театр сахнасы аясынан шыққан. Таусылмас жігерінің, тапқырлығы мен өжеттілігінің арқасында бұл кейіпкер үшін шешілмейтін мәселе жоқ. Ол – ғашық графқа сүйіктісін қарт қамқоршысының қолынан алып қашуға көмектесетін алғыр шаштараз  жайлы хикаяның басты кейіпкері және қозғаушы күші. Алайда сырт көзге жеңіл көрінетін бұл кейіпкердің артында қаншама күрделі тұстар жасырулы. Фигароның партиясы баритон үшін кәсіби жетілу деңгейін көрсететін нағыз емтихан саналады. Оның «Largo al factotum» танымал каватинасы әртістік харизма мен таңғаларлық вокалдық төзімділікті талап етеді. Орындаушы мәтінді өте жылдам қарқында айта отырып және дыбыстың еркін самғауын, интонацияның дәлдігі мен аса кең диапазонды сақтап, шапшаң дикция техникасын мінсіз меңгеруі қажет. Бұл күндері елорда тұрғындары мен қонақтары баурап аларлық Фигароның рөлінде театр солистері Алтынбек Әбілда мен Сұлтан Бақытжанды көре алады.

– Россинидің «Севильдік шаштаразы» – нағыз жауһар екеніне еш күмән жоқ, көрермендер оны әрдайым зор ықыласпен тамашалайды. Опера жарқын да танымал увертюраның бірінші тактілерінен бастап еліктіріп әкетеді. Мұнда барлығы – оқиға желісінің күтпеген жерден өзгеруі, виртуоздық вокалдық партиялар, қызықты да жанды кейіпкерлер бар, – деп атап өтті театр солисі Алтынбек Әбілда. – Менің кейіпкерім Фигаро – өткір ойдың және өмір сүйгіштіктің жүзеге асқан көрінісі, ал оның каватинасы – нағыз опералық хит. Оны классикалық музыкадан алшақ жандардың өзі бірден танып жатады. Алғашқы ноталары ойналған сәттен бастап-ақ залда толассыз ду қол шапалақ естіледі. Мен бұл партияны орындап жүргеніме өте қуаныштымын, өйткені Фигаро кез келген баритонның арманы деуге болады.

Музыкалық материалдың техникалық күрделілігі барлық труппаға жоғары шеберлік деңгейін белгілейді. Розинаның рөліндегі жетекші солистер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова мен «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Қапоноваға дауыстың асқан ептілігі мен иілгіштігін көрсетуге тура келеді. Розина сұлумен некелесуге шешім қабылдаған Граф Альмавиваны солистер Артур Ғабдиев пен Әлихан Зейнолла таныстырады. Базилио – Шыңғыс Расылхан, Бартоло – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Евгений Чайников, Берта – Елена Ганжа, Фиорелло – Дінмұхамед Көшкінбаев және тағы басқалары.

Дирижер Элмар Бөрібаевтың жетекшілігіндегі оркестр операның жеке әрі толыққанды кейіпкері ретінде өнер көрсетеді. Тыңдармандар әйгілі «Россини дыбысының күшеюін» сезіне алады. Мұнда музыкалық фраза бәсең сыбырдан найзағайдай күркіреген қуатты дыбысқа дейін біртіндеп күшейеді. Россинидің инновациялық әдістері қуатты энергия әсерін жасайды, оны залдағы көрермендер тұла бойымен сезінеді. Бұл операның қоюшы дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты театрдың бас дирижері Алан Бөрібаев.

Спектакльдің көркемдік бөлігі музыкалық сән-салтанатына сәйкес келеді. Безендіру жұмыстарын біртуар сценограф Эцио Фриджерио, сондай-ақ онымен осы спектакль бойынша еңбектенген ассистенті Риккардо Масирони және костюмдер бойынша суретші «Оскар» сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапино үйлесімділікте атқарды. Қоюшы режиссер Альфонсо Антониоцци сахнада шуақты Севильяның атмосферасын жасады, оны Якопо Пантанидің заманауи жарық шешімдері мен Серджио Металлидің бейнепроекциялары толықтырды.

Спектакльдердің басталуы 17:00-де.