«Ақшақар» барлық құпияларды ашады
Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін сәуір ертегідей басталмақшы. 1-і мен 2-сі күндері «Астана Операда» барлық жастағы көрермендердің ең жақсы көретін балеттерінің бірі – композитор Тибор Кочактың музыкасына Дюла Харангозоның қойылымында «Ақшақар мен жеті ергежейлі» сахналанады. Спектакль қарсаңында назарларыңызға балет жайлы таңғалдыратын қызықты 10 дерек ұсынамыз.
1-дерек. «Ақшақар мен жеті ергежейлі» балетінің қоюшы хореографы Дюла Харангозо негіз ретінде ағайынды Гриммдердің ертегісін емес, дүниежүзіндегі балалардың көптеген буыны жақсы көретін Уолт Диснейдің мультфильмін әдейі алғанын әркез атап өтеді. Балет балаларға арналған туынды деп есептелсе де, оның қайталанбас сиқыры, әсемдігі мен жарқын бояуы барлық жастағы көрермендерді баурап алады, ал заманауи мюзикл стилистикасындағы керемет музыка санада ұзақ шырқалып тұрады.
2-дерек. Айтпақшы, мюзиклдер жайлы тоқталайық. Қоюшы хореограф «Ақшақарды» қалың аудиторияға неғұрлым қызықты етіп жасау үшін өз тобына композитор Тибор Кочак пен сценограф Кентаврды әдейі шақырған, себебі олардың осы музыкалық жанрмен жұмыс істеуде тәжірибесі болған. Әрине, қойылымды мюзикл деуге болмайды, өйткені онда ән айтылмайды, алайда Дюла Харангозо оған жаңа жанр ойлап тауып, «танцикл» (би мюзиклі) атауын берді.
3-дерек. Сценограф Кентаврдың ойынша, «Астана Операда» балеттің қолданыстағы алты редакциясының ішінен ең үздігі қойылды. Мұндай жетістіктің негізгі себептерінің бірі – барлық хореографиялық мәнерде өнер көрсететін қазақстандық труппаның жоғары кәсіби шеберлігі, сондай-ақ сахнаның техникалық мүмкіндіктері.
4-дерек. «Ақшақар мен жеті ергежейлі» туралы айта келе, спектакльді бір мезгілде мультфильмге және бүктемелі кітапшаға ұқсататын бірегей декорациялар туралы жеке атап өту қажет. Қойылымға өте көп реквизит пен бутафория қатыстырылған. Алайда бәрінен бұрын мына жайт таңғалдырады, қолмен салынған декорациялардың жалпы ауданы 4,5 мың шаршы метрден астам аумақты құрады!
5-дерек. Венгр композиторы Тибор Кочак хореограф Дюла Харангозомен бірлесіп жасаған спектакль авторларға әлемдік атақ әкелді. Бұл Венгрияның ұлттық мәдениетін таныстыратын ең танымал заманауи балеттік қойылымдардың бірі.
6-дерек. Балет құрақ көрпе секілді, музыканың сан алуан түрлерінен өрнектелген. Әрбір кейіпкердің өзінің бірегей мінезі ғана емес, жеке музыкалық сипаты бар: басты партияларды орындаушылар классикаға әуес, ал кордебалетке халық музыкасы жақын.
7-дерек. Нота мәтінінің партитурасы 900 бетті құрайды. Қоюшы дирижер Арман Оразғалиевтің айтуынша, оркестр музыканттарына бастапқыда орындау жылдамдығының ұдайы ауысып отыратынына дағдылануға тура келген, бұл қарқын туындыны мюзиклге жақындастырады. Қойылымда сирек қолданылатын соқпалы аспаптардың дыбысы, тіпті автомобильдік клаксон естілетіні қызықты.
8-дерек. Балет 28 көріністен тұрады. Алайда декорациялар жеңіл материалдардан жасалғандықтан, картиналардың ауысуы көрермендердің дәл көз алдында болады. Бұл кезде шымылдық жабылмайды.
9-дерек. Спектакльге тек әртістер ғана қатыспайды. Көбі мұнда ұлттық операларда жиі көре алатын жылқы, лақ пен түйе секілді жануарлар қатысады деп ойлауы мүмкін, бірақ шын мәнісінде спектакльде кептерлерді байқауға болады.
10-дерек. Ергежейлілердің сырт келбеті туралы жеке тоқтала кету керек. Арнайы костюмдердің көмегімен әртістерге артық салмақ қосылатыны аздай, оларға әр өнер көрсетудің алдында жарты сағаттан көп уақытты алатын күрделі грим жасалады. Айтпақшы, жасанды құлақ пен мұрындар театрдың гримдеу цехында жасап шығарылған.
«Астана Опера» репертуарын балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың бастамасымен толықтырған «Ақшақар мен жеті ергежейлі» керемет балетінің ғажайып әлеміне 1-2 сәуірде саяхат жасауға болады.