Елордада «Күймен келген Көрісу» концерті өтеді

Наурызнама онкүндігі аясында «Астана Операда» елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына «Күймен келген Көрісу» мерекелік бағдарламасы ұсынылады. Ол 14 наурызда Күләш Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында театрдың опера труппасы солистерінің, сондай-ақ шақырылған аспапшы музыканттардың орындауында өтеді.

Концерт режиссері Еренбақ Тойкенов Көрісу күні «Астана Операда» жыл сайын бар сән-салтанатымен тойланатынын атап өтті.

– Қазақ халқының көнеден келе жатқан мерекелерінің бірі – Көрісу күні – Наурыздың бастауы болып есептеледі. Менің «Астана Опера» режиссері ретіндегі ең алғашқы жұмыстарымның бірі осы мерекеге арналған концерт еді. Сол кезде театр алдындағы алаңда ауқымды қойылым сахналағанымыз әлі есімде. Мәз-мейрам болып көріскен және көктемнің келгеніне шаттанған көпшіліктің жанына Қыдыр ата келіп, бата берді. Одан кейін қонақтар театрдың ішіне өтіп, тұсаукесер, сырға салу сынды қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары қамтылған бағдарламаны тамашалады. Ал соңында көрермендерді театр жұлдыздарының қатысуымен Үлкен залда ғаламат мерекелік концерт күтіп тұрды, – деп естелігімен бөлісті Еренбақ Тойкенов.

Сондай-ақ театр режиссері Көрісу күнінің маңыздылығын да түсіндіріп өтті.

– «Көрісу» деп атауы айтып тұрғандай, бұл мереке сонау ертеде қыстан аман шыққан ата-бабаларымыздың көптен хабар-ошар алмаған туған-туыспен сағыныса қауышуы нәтижесінде пайда болған. Қазіргі кезде цифрлық дәуірде өмір сүріп жатсақ та, бұл мейрам ешқашан маңыздылығын жоғалтпайтынына сенімдімін. Өйткені ол адамдарды ізгі амалдар жасауға, бір-бірімізге мейірімді болуға үндейді. Көктемнің келуінің өзі адамның көңіл күйіне жақсы әсер етеді. Шығармашылығымызға тың леп, жаңа шабыт әкелгендей болады, – деген Еренбақ Тойкенов барлығын мерекемен шын жүректен құттықтап, әр отбасына молшылық, ынтымақ-бірлік және денсаулық тіледі.

Е.Тойкенов алдағы концерттің тұжырымдамасын ойластыру кезінде көрермендерді рухани құндылықтарға бай Көрісу күнінің тарихына бойлатуды, нағыз халықтық мейрамның атмосферасын сезіндіруді мақсат еткенін айтты.

– Біздің Камералық залдың құрылымы қазақтың киіз үйін еске салады. Сондықтан біз сахнаны киіз үйге ұқсатып безендіргіміз келеді. Бұл ойымызды танымал италиялық сценограф Эцио Фриджерио ұлттық операларға арнап жасаған басқұрларды және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгуновтың жарқын декорацияларын, реквизиттерді, жарық проекцияларын қолдану арқылы жүзеге асырамыз. Сахнада Баланы бесікке салу рәсімі мен тағы басқа ырым-кәделерді көрсетеміз. Біздің мақсатымыз – қазақ халқының салт-дәстүрлерін жаңғырту, осы арқылы көрермендерге ерекше мерекелік атмосфера сыйлау, – деді концерттің егжей-тегжейімен бөліскен режиссер.

Мерекелік концертте сахнаға театрдың жарқын солистері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова, Салтанат Мұратбекова, Әсем Сембина, Мәдина Исламова, Назым Сағынтай, Елена Ганжа, Лейла Аламанова, Гүлдана Алдадосова, Саян Исин,  Сұлтан Бақытжан, Әлихан Зейнолла, сондай-ақ  Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова, Сара Садығұлова, Мәнсия Естекова, Ділназ Омарханова, Серік Абдулла, Келіс Ахметбеков, Аян Төлеген, Бекұлан Ерболатұлы мен шақырылған әртістер шығады.

Фортепиано партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембирова орындайды. Ол солистермен бірге қазақ ұлттық операларынан ариялар мен дуэттерді, халық әндерін таныстырады, оның ішінде «Дедімай-ау», «Молдабайдың әні», «Гүлдерайым» және тағы басқа туындылар бар. Ал қобыз, домбыра, жетіген сынды  аспаптардың үні бағдарламаға ерекше ұлттық бояу үстейді. Бұл Көрісу мерекесінің халықтың бай рухани мұрасын сақтай отырып, заманауи үнмен толығып келе жатқанын айшықтайды.