Қазақстан пара дзюдодан Әлем кубогында 7 медаль жеңіп алды

Көру қабілеті зақымданған спортшылар арасында пара дзюдодан Әлем кубогында Қазақстан құрамасы 2 алтын, 1 күміс және 4 қола медаль еншіледі.
J2 классында 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ибрагим Нұрмаханұлы мен 81 келіге дейінгі салмақта Бексұлтан Құлмырза алтын медальді жеңіп алды. Ал, J1 классында +95 кг салмақта Ерлан Утепов күміс жүлдені қанжығасына байлады. Асылан Нұрдәулетов (J1, -70 кг), Бағланбек Оналбек (J1, +95 кг), Жұрқамырза Шүкірбеков (J2, +95 кг) және Даяна Федосова (J2, -60 кг) жарыстың қола жүлдесіне ие болды.
Жалпы медальдік есепте Қазақстан құрамасы үшінші орын алды. Бірінші орынды 5 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль нәтижесімен Бразилия командасы жеңіп алса, ал екінші орынды 3 алтын, 2 күміс және 1 қола медальмен бейтарап елдің спортшылар құрамасы (NPA) иеленді.
Айта кетсек, пара дзюдодан Әлем кубогы Тбилисиде (Грузия) 24–25 наурыз аралығында өтті. Жарысқа 24 елден 163 спортшы қатысты.




