«Аңсау» ұлттық нөмірі Уфадағы фестивальде көпшіліктің зор қошеметіне ие болды

The Bashkir State Opera and Ballet Theatre
«Астана Операның» жетекші солисі Диас Құрманғазы мен театр солисі Камила Шахманова Рудольф Нуреев атындағы XXVI Халықаралық балет өнері фестивалінің көрермендерін тәнті етті. Қазақстандық дуэттің орындауындағы Сұлтанбек Ғұмардың хореографиясындағы «Аңсау» ұлттық нөмірі Уфадағы фестивальдің қорытынды Гала-концертінің жарқын оқиғасына айналды: қазақ биінің ерекше пластикасы мен бірегей рухы көрермендердің шынайы таңданысы мен толассыз қошеметін туғызды.
– Бұл гала-концерт үшін бір-біріне қарама-қайшы екі нөмірді, яғни П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетінен па-де-де мен заманауи хореографияны дайындауды ұйымдастырушылар бізден өздері арнайы өтінді. Осылайша біз «ХасСақ» этно-фольклорлық ансамблінің музыкасына Сұлтанбек Ғұмардың «Аңсау» қойылымына тоқталдық. Уфада әлемдік классиканы ғана емес, сондай-ақ өзіміздің қазақстандық өнерді де таныстыру біз үшін аса маңызды болды. Бұл әуен жан дүниеңді баурап алады, сондықтан сахнада ерекше шабытпен өнер көрсетесің. Біз қазақ балетіне тән тереңдік пен күш-қуатты пластика арқылы жеткізуге тырыстық, – деп әңгімеледі «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Диас Құрманғазы.
Жетекші солист үшін бұл уфалық сахнадағы алғашқы өнер көрсету емес: өткен жылы фестиваль аясында Диас Құрманғазы Башқұрт театрының труппасымен бірге А.Аданның «Жизель» балетіндегі Альберттің басты партиясын орындады.
– Кезінде ұлы Рудольф Нуреев билеген сахнада өнер көрсету – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Өткен жылы «Жизель» қойылымына қатысқаннан кейін биылғы фестивальге қайта шақыру алу – біздің өнеріміздің жоғары сұранысқа ие екенінің дәлелі. Мұндағы көрермен өте талғампаз, сондықтан олардың алдына шығу әрдайым толқыныс сезімін туғызады. Біздің халықтарымыздың менталитеті ұқсас болғандықтан әрбір қошеметтен ерекше жылулық сезілді, – деп пікірімен бөлісті әртіс.
Былтыр Диаспен бірге сахнаға Башқұртстанның халық әртісі Валерия Исаева шықса, осы жолы ол келешегінен үміт күттіретін жас орындаушы, «Астана Опера» солисі Камила Шахмановамен бірге өнер көрсетті.
– Бұл жолы маған шетелге осындай ауқымды сапарға алғаш рет шыққан әріптесіме қолдау көрсету жауапкершілігі жүктелді. Камила – өте қабілетті балерина, ол жақында солист атанды. Сондықтан оған жаңа сахнада өзін сенімді сезінуге көмектесу мен үшін өте маңызды болды, – дейді жетекші солист.
10-21 наурыз аралығында Уфада өткен Рудольф Нуреев атындағы фестиваль ең ірі балет форумдарының бірі ретінде кеңінен танымал. Ол дәстүрлі түрде әлемдік деңгейдегі әртістердің шеберлігін паш ететін ауқымды шараға айналуда: биыл «Астана Опера» солистерімен бірге сахнаға Үлкен, Мариинский және басқа да жетекші театрлардың жұлдыздары шықты.
– Гала-кешке дайындық қарқынды жүрді, біз «Аңсауды» Сұлтанбек Ғұмармен бірге жолға шығатын сәтке дейін дайындап, орындауымызды барынша әсерлі етуге тырыстық. Сахнада бар өнерімізді салдық, техниканы ғана емес, сондай-ақ әрбір қимылдың ішкі мағынасын жеткізуге талпындық. Осы ретте балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратоваға бізге көрсеткен қолдауы үшін зор алғысымызды білдіреміз. Халықаралық деңгейде өнер көрсету және шетелдік әріптестердің жұмысын көру мүмкіндігі – әртіс үшін құнды тәжірибе. Мұндай мәдени алмасу әрі қарай өсуге зор серпін береді. Біз үйімізге уфалық көрермендердің қонақжайлылығы туралы жылы естеліктермен, туған театрдағы жаңа қойылымдар үшін жаңа күшпен ораламыз, – деп қорытындылады Диас Құрманғазы.
Сұлтанбек Ғұмар «Аңсау» нөмірін орындаушылар Диас Құрманғазы мен Камила Шахманованың сұрауымен жасағанын атап өтуіміз керек. Бірегей пластикалық шешімдер мен нөмірдің жарқын ұлттық бояуы әртістерге әлемдік деңгейдегі танымалдылықты әлдеқашан әкелген еді: өткен жылы С.Ғұмар мен Д.Құрманғазы Қытайдағы беделді халықаралық байқаудың жеңімпаздары атанып, үздік хореография үшін және осы нөмірді үздік орындағаны үшін марапаттарға ие болды. Қойылымды елорда жұртшылығы да әрдайым жылы қарсы алады, ал енді ол Уфадағы халықаралық көрерменнің жоғары бағасын иеленді.
– Біз гала-концерттен зор ләззат алдық. Қазақстандық әртістердің өнер көрсетуі айрықша атап өтуге лайық: бұл жүрекке жеткен орындау болды! Әртістер таңғаларлықтай әдемі, кербез әрі техникалық тұрғыда шебер, олар таныстырған «Аңсау» нөмірін нағыз жауһар деп атауға болады, – деп пікірімен бөлісті көрермен Анастасия Куручева әлеуметтік желідегі парақшасында.



