Жұлдызды «Травиата»

«Астана Опера» 5 сәуірде өз көрермендеріне Джузеппе Вердидің «Травиата» операсының аңызға айналған қойылымында әртістердің жұлдызды құрамын таныстырады. Басты партияны танымал сопрано Мария Мудряк орындайды, ал оның жалындаған ғашығы Альфред Жермонның бейнесін алғаш рет сахнада жарқын испаниялық тенор Жоэль Прието жүзеге асырады. Мәртебелі Жорж Жермонды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев ұсынады. Дирижер тұғырында – маэстро Джузеппе Акуавива (Италия).
Мария Мудряк үшін бұл кеш ерекше болмақ, өйткені оның «Астана Операда» Виолетта Валеридің партиясын орындап келе жатқанына тура он жыл толады. Әңгіме барысында әнші осы уақыт ішінде кейіпкері өзімен бірге бірталай жолды жүріп өткенін мойындады.
– Әлбетте, менің Виолеттам әрдайым менімен бірге өзгереді. Осынау 10 жыл ішінде (2016 жылы дебют жасаған едім) түрлі құрлықтағы әлемнің көптеген театрындағы сан алуан режиссерлік оқылымдағы басты дайындықтарды қоспағанда, 73 спектакльде партияны шырқадым, – деп пікірімен бөлісті Мария Мудряк.
Денсаулығына байланысты үзіліс жасауға мәжбүр болғандықтан, соңғы екі жылда бұл партия оның орындауында шырқалмаған еді. Алайда әнші бұл жағдайдан терең шығармашылық мән көреді. – Бәлкім, дәл осы үзіліс рөлге жаңа қырынан қарауыма және оны бүгін мүлде басқа өмірлік тәжірибемен, неғұрлым терең түсінікпен сомдауыма мүмкіндік берген шығар, – дейді ол.
Бейнеге қайта оралу бұдан әлдеқайда ерте әрі басқаша жағдайда да болуы мүмкін еді, бірақ тағдыр өзінің түзетулерін енгізіп, әншінің төзімін сынағандай болды. – Мен оған қоржынымды жаңа партиялармен толықтырғаннан кейін оралуды армандадым және мұны атаулы датада, өзімнің туған күнімде туған жерімде жасағым келді. Бірақ жуырда ғана Болоньядағы спектакльдерге дайындықсыз кірісіп, сөйтіп үш «Травиатаны» орындап шықтым. Бұл менің төзімділігім сыналған сәт болды. Былайша айтқанда, сең қозғалды. Енді тек қуаныш бар! Туған Қазақстанымда еш уайымсыз өнерімді паш етуге дайынмын.
Сахнада Жоэль Приетомен кездесу алда болатын кешке ерекше атмосфера үстейді. Қазақстандық көрермендер үшін бұл тенордың есімі – жоғары орындаушылық деңгейдің синонимы. Оның жарқын мансабы лондондық Ковент-Гарден, миландық Ла Скала, Париж ұлттық операсы сахналарындағы және Зальцбург фестиваліндегі өнер көрсетулерді қамтиды. Ол Зубин Мета, Янник Незе-Сеген мен Даниэле Гатти сынды маэстролармен жұмыс істеді және әлдеқашан өз буынының ең сұранысқа ие лирикалық тенорларының бірі ретінде абыройға ие болды. Бұл испаниялық тенордың Қазақстанға алғашқы сапары болмақ.
– Осы елге келіп, өнер көрсететініме және әсіресе менің қымбатты досым Мария Мудрякпен сахнаға шығатыныма өте қуаныштымын. Бүгін мен үшін ерекше кеш, өйткені Альфредтің бейнесінде дебютім орын алады. Бұл – жас махаббаттың жалыны мен құштарлығынан бастап, қызғаныш пен қаһар арқылы терең түңілу мен жоғалту қасіретіне дейінгі кейіпкердің бүкіл эмоциялық жолын бақылайтын ғажайып партия. Вокалдық тұрғыда бұл рөл өте романтикалық, жалынды әрі кей жерінде адуынды. Ол әртістен айтарлықтай мәнерлілікті талап етеді, сонымен бірге ұзақ уақыт бойы дауысты күрделі тесситурада ұстап тұру керек, бұл «ауысулар» кезінде тұрақты бақылауды қажет етеді. Егер әйгілі ариялар туралы айтатын болсақ, маған әсіресе үшінші актідегі кейіпкерлер қайта қосылатын сахна ерекше жақын. «Parigi, o cara»-да әлдебір соқыр сенім бар, артынша кейіпкерлер екеуіне берілген уақыттың жетпейтінін түсінеді. Бұл көрініс жаныма қатты батып, өмірдің өткінші екені жайлы, жақын адамдармен өткізген уақытты шынайы бағалау қаншалықты маңызды екені туралы ойлануға мәжбүрледі. Өйткені барлығы бір сәтте өзгеруі мүмкін, – деп пікірімен бөлісті Жоэль Прието.
Мария Мудряк та жылы шығармашылық естеліктерімен бөлісті. – Біз Жоэльмен бірге осыған дейін Бейжіңде «Көңілді жесір» қойылымында бірге жұмыс істеген едік. Ол өте кәсіби білікті әрі дарынды әртіс, сондай-ақ сахнадағы керемет серіктес, – деп әңгімеледі әнші. – Сол қойылым кезінде біз кейіпкерлеріміздің бейнелері бойынша көп еңбектендік, сахналық шешімдерді талқыладық. Серіктестерімнің жұмысқа әрі драматургияға осылай зор құлшыныспен жауапты қарағаны мен үшін өте маңызды. Жан-тәніңмен беріліп атқарған жұмыс сахнадан әрдайым сезіледі, өйткені нағыз шығармашылық құштарлық көрермендерге беріледі.
Өзінің репертуары және ондағы Дж.Вердидің орны жайлы ой толғай отырып, Мария Мудряк композиторға деген махаббатын жасырмады. – Джузеппе Верди опералық композиторлардың ішіндегі менің сүйікті сазгерім. Ол небәрі бірнеше нотадан тұтас әлемді жасай алады. Верди жай композитор емес, ол театр драматургы. Өмірімнің қазіргі кезеңінде оның мәнері маған бәрінен жақын.
Ұлы ізашарлар жайлы сұраққа жауап бере отырып, әнші өзі үшін бәрінен де шынайылық маңызды екенін атап өтті. – Мен өте көп орындауды тыңдаймын және бұл маған өз дүниемді жасауға серпін береді. Менің Виолеттам – бұл ең алдымен осы хикаяны тұла бойыммен сезінуім, оны сахнада өзімше, өз дауысыммен және жүрегіммен шынайы әрі өз табиғатыма сай орындауға деген талпынысым.
Алдағы өнер көрсетудің айрықша мәнге ие болып отырған себебі оның датасына да байланысты. Мария Мудряк үшін туған күнін Қазақстанда сахнада қарсы алу байырғы дәстүрге айналды. – Туған күн – адамның өмірдің жаңа кезеңіне өтуі, сондықтан мен үшін дәл осы сәтте туған жерімде жақындарыммен әрі қымбатты көрермендеріммен бірге болу өте маңызды. Бұл мен үшін ерекше сезім. Мен олармен өз қуанышымды әрі өмірге деген ризашылығымды бөліскім келеді!
Бұл кеште Мариямен және Жоэль Приетомен бірге сахнаға «Астана Операның» жетекші опера солистері, хор мен миманс әртістері және симфониялық оркестрі шығады. Сондай-ақ әке Жермонның партиясын орындайтын танымал баритон Талғат Мұсабаев музыкалық көріністің толық драматизмін жасауға өз үлесін қосады.



