Қытайдың Sichuan Airlines әуекомпаниясы Астана арқылы тұрақты жүк рейстерін іске қосты

Астана халықаралық әуежайы Қытайдың Sichuan Airlines әуекомпаниясының алғашқы жүк рейсін қарсы алды. Осылайша Қытай Халық Республикасы мен Еуропа арасындағы жаңа бағыт ашылып, Қазақстан астанасында техникалық қону жүзеге асырылды.
Рейстер Чэнду – Астана – Будапешт бағыты бойынша Airbus A330 жүк әуе кемелерімен орындалады. Ұшу жиілігі аптасына сегіз рейсті құрайды. Бұл Азия мен Еуропа арасындағы жүк әуе тасымалына сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
Жаңа бағыттың ашылуы Қазақстан арқылы өтетін халықаралық жүк тасымалын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болды. Sichuan Airlines рейстерінің іске қосылуы жүк тасымалы көлемін арттыруға, халықаралық әуе тасымалдаушыларымен ынтымақтастықты кеңейтуге және елорда әуежайының логистикалық әрі транзиттік жобалар үшін тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары Астана халықаралық әуежайы транзиттік әлеуетті дамыту және жаңа халықаралық тасымалдаушыларды тарту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Нәтижесінде Азия мен Еуропа арасындағы бағыттарда елорда әуежайын аралық пункт ретінде пайдаланатын транзиттік жолаушылар және жүк рейстерінің саны тұрақты түрде артып отыр. Бұл Астананың Орталық Азиядағы маңызды авиациялық және логистикалық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға ықпал етеді.
Чэнду – Астана – Будапешт бағыты бойынша рейстердің орындалуы Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, Астана халықаралық әуежайының транзиттік тартымдылығын одан әрі күшейтеді деп күтілуде.




