Алғашқы махаббаттың әуені қайта оралады: Энрике Иглесиас неге тұтас бір дәуірдің жүрегін жаулаған романтик әншіге айналды?

Кей әндердің ғұмыры хит-парадтармен өлшенбейді. Олар уақыттың сынынан өтіп, тұтас бір буынның өмір жолымен бірге өріледі. Бір сәтке ғана таныс әуен құлаққа жетсе болды – мектеп бітіру кеші, студенттік шақ, алғашқы кездесу, алғашқы сезім, достармен өткен ұмытылмас кештер көз алдыңнан кино лентасындай сырғып өте шығады. Энрике Иглесиастың шығармашылығы дәл осындай әсерге ие.

2000 жылдары жастық шағын өткізген миллиондаған тыңдарман үшін оның әндері жай ғана музыкалық туынды емес. Олар – алғашқы махаббаттың үнсіз куәсі, жүрек дүрсілін үдеткен сезімдердің, орындалған армандар мен қимастыққа толы сәттердің саундтрегі.

Hero алғаш рет сезімді сөзбен жеткізе алмаған жандардың жүрегінен орын тапса, Escape талай ғашықтың әніне айналды. Ал Bailamos пен Rhythm Divine бүкіл әлемдегі би алаңдарын дүр сілкіндіріп, жазғы демалыстардың, студенттік кештердің және достармен өткен жарқын күндердің ажырамас бөлігіне айналды.

Уақыт алға жылжығанымен, сол әндердің әсері көмескіленген жоқ. Керісінше, жыл өткен сайын олардың әр нотасы сағынышқа, естелікке, қайта қауышуға деген ерекше сезімге ұласа түсті.

Енді сол әндер алғаш рет Қазақстан сахнасында шырқалмақ. 3 қыркүйекте Энрике Иглесиас Астанада, ал 5 қыркүйекте Алматыда өнер көрсетеді. Концерт билеттері Freedom SuperApp пен Ticketon.kz платформаларында сатылымда.

Бұл концертті мыңдаған жан әлемдік жұлдыздың өнер көрсетуі ретінде ғана қабылдамайды. Өйткені бұл кеш – талай адамның жастық шағына, ең шуақты естеліктеріне, жүрегінде сақталған алғашқы сезімдеріне қайта оралатын ерекше музыкалық сапар.

Әлемді латын әуенімен баураған өнер иесі

Өткен ғасырдың соңында әлемдік музыка сахнасында жаңа есім жарқ ете қалды. Испан тілінде ән шырқайтын жас орындаушы қысқа уақыттың ішінде миллиондаған тыңдарманның ықыласына бөленіп, латын музыкасын жаңа белеске көтерді.

Энрике Иглесиас сахнаға шыққан кезде латын поп-музыкасы белгілі бір аудиторияның ғана жанры саналған еді. Алайда оның шығармашылығы бұл түсінікті түбегейлі өзгертті.

Ол испан тіліндегі әндердің де әлемдік хитке айнала алатынын дәлелдеді. Энрикенің шығармашылығында шынайылық пен қарапайымдылық ерекше үндеседі. Ол күрделі философиялық ой айтпайды, бірақ әрбір әнінде адамның жан дүниесіне жақын сезімдерді жеткізе біледі. Сондықтан оның туындылары түрлі құрлықтағы, түрлі тілде сөйлейтін адамдардың жүрегінен орын тапты. Бүгінде Энрике Иглесиасты көпшілік бейресми түрде «Латын поп-музыкасының королі» деп атайды. Бұл атақ оған кездейсоқ берілген жоқ.

Өнер жолында ол Grammy сыйлығының лауреаты атанып, бес мәрте Latin Grammy жүлдесін иеленді. Алғашқы Grammy марапатын ол 1997 жылы өзінің испан тіліндегі дебюттік альбомы үшін жеңіп алды. Бұл марапат Энрикенің халықаралық мансабындағы маңызды белеске айналды.

Дегенмен, оның басты жетістігі марапаттармен ғана өлшенбейді. Энрике миллиондаған адамға музыканың тілге бағынбайтынын көрсетті. Әннің әр сөзін түсінбеуіңіз мүмкін. Бірақ әуеннің жүрекке жетуі үшін аударманың қажеті жоқ екенін дәлелдей алды.

Bailamos: Энрикені әлемге танытқан ән

1999 жыл Энрике Иглесиастың шығармашылық жолындағы ең шешуші кезеңдердің бірі болды. Осы жылы оның Bailamos әні әйгілі актер Уилл Смит басты рөлді сомдаған «Wild Wild West» фильмінің саундтрегіне енді. Осы сәттен бастап Энрикенің есімі тек испан тілді аудиторияға ғана емес, бүкіл әлемге кеңінен таныла бастады.

Bailamos АҚШ-тағы ең беделді музыкалық рейтингтердің бірі – Billboard Hot 100 чартында бірінші орынға көтерілді. Бұл Энрике Иглесиастың америкалық нарықтағы алғашқы №1 хиті еді.

Дәл осы композиция оның халықаралық мансабына жаңа тыныс ашты. Көптеген музыка сыншылары Bailamos әнін Энрике шығармашылығындағы бетбұрыс туынды деп бағалайды. Себебі дәл осы әннен кейін әлемдік продюсерлер, радиостанциялар мен музыкалық арналар оның шығармашылығына ерекше назар аудара бастады.

Бүгінде де бұл ән естілген сәтте талай жанның көз алдына жаздың ыстық кештері, достармен өткен көңілді сәттер, алғашқы билер мен өмірдің ең жарқын кезеңдері елестейді.

Әлемдік жұлдыздармен үндескен шығармашылық

Энрике Иглесиастың шығармашылық жолындағы тағы бір ерекшелік – түрлі музыкалық бағыттағы әлемдік деңгейдегі орындаушылармен жасаған табысты әріптестігі.

Ол әр кезеңде Уитни Хьюстон, Лайонел Ричи, Pitbull, Николь Шерзингер, Кайли Миноуг, Sean Paul, Romeo Santos, Gente de Zona секілді әйгілі өнер иелерімен бір сахнада ғана емес, бір студияда да бас қосты. Бұл дуэттердің басым бөлігі халықаралық хитке айналып, миллиондаған тыңдарманның сүйікті әндерінің қатарынан орын алды.

Энрикенің ерекшелігі – қай орындаушымен жұмыс істесе де, өзіне тән нәзік романтикасын, эмоцияға толы орындау мәнерін жоғалтпайды. Сондықтан оның әрбір дуэті екі жұлдыздың ғана емес, екі түрлі музыкалық әлемнің үйлесіміндей әсер қалдырады.

Could I Have This Kiss Forever: алғашқы кездесуге дейін жазылған дуэт

2000 жылдардың басында Энрике Иглесиасқа Уитни Хьюстонмен бірге Could I Have This Kiss Forever әнін жазу туралы ұсыныс түсті. Кейін Энрике бұл өзінің алғашқы үлкен дуэті болғанын және музыка тарихындағы ең ұлы дауыс иелерінің бірімен жұмыс істеу мүмкіндігі туғанына сене алмағанын айтты.

Бұл хикаяның ерекшелігі – ән жазу кезінде олар бір-бірімен әлі таныспаған болатын. Уитни әннің өз бөлігін Германияның Гамбург қаласында, ал Энрике Лос-Анджелесте жазды. Арада мыңдаған шақырым жол жатқанына қарамастан, олардың таспаға түскен ән бөліктері біріктірілді. Кейін екеуі тұңғыш рет жүздесіп, бейнебаянға түсті. Осылайша, олар әртүрлі құрлықта басталған әріптестікті өз дәуірінің ең ұмытылмас дуэттерінің біріне айналдырды.

Escape: өмірлік махаббатын сыйлаған бейнебаян

2001 жылы Энрике Escape әніне бейнебаян түсіріп, онда басты рөлді әлемге танымал теннисшілердің бірі Анна Курникова сомдады.

Бейнебаян сюжеті бойынша олар бір-бірін қуалап, одан жанжалдасып, соңында сүйіседі. Ол кезде ешкім де шоу­-бизнес әлеміндегі ең жабық махаббат хикаяларының бірі дәл осы түсірілімдерден басталатынын білмеген еді.

Энрике мен Анна Escape бейнебаянын түсіру кезінде танысты, ал экрандағы сезімдер көп ұзамай шынайы махаббатқа ұласты. Арада жиырма жылдан астам уақыт өтсе де, олар ойын-сауық индустриясындағы ең құпия да берік жұптардың бірі саналады және бірге төрт баланы тәрбиелеп отыр.

Hero: үміт символына айналған ән

Жиырма жыл уақыт өтсе де, Hero өз заманының ең сүйікті романтикалық әндерінің бірі болып қала береді және бүкіл әлем бойынша үйлену тойларында бұрынғыша шырқалуда. Осы әнді тыңдап өскен адамдар оны өмірінің ең маңызды сәттерінде әлі күнге дейін таңдап, қайта тыңдайды. Бұл нағыз махаббат туралы әндердің ешқашан ескірмейтінін дәлелдейді.

Энрике Дженнифер Лав Хьюитт және Микки Руркпен бірге түскен кинематографиялық бейнебаян сүйген әйелі үшін бәріне тәуекел етуге дайын ер адам туралы баяндайды. Бұл әншінің шығармашылығындағы ең танымал клиптердің біріне айналды және фанаттар оны қазірге дейін сүйсініп көреді.

Бұл әннің тағы бір ерекше тарихы бар. Hero 2001 жылғы 11 қыркүйектегі қайғылы оқиғадан бірнеше күн бұрын жарық көрді. Терактіден соң Нью-Йорк радиостанциялары құрбандарды еске алу кездерінде дәл осы әнді ойната бастады. Ал Энрике оны America: A Tribute to Heroes қайырымдылық телемарафоны кезінде орындағаннан кейін ән тыңдаушылар үшін жаңа мағынаға ие боп, қайсарлық пен үміттің символына айналды.

Энрике неге тұтас бір ұрпақтың басты романтигіне айналды?

Энрике Иглесиас бүкіл өнер жолында махаббат туралы ән шырқады. Алғаш ғашық болу, қызғаныш, айырылысу, үміт және сүйген адамыңның қасында болуды қалау. Дәл осы баршаға ортақ сезімдер оның әндерінің негізі болып қаланып, түрлі ұрпақ тыңдаушыларының жүрегінен орын тауып жатыр.

Бәлкім, оның музыкасының миллиондаған адамның жеке өмірінің бір бөлшегіне айналуының сыры осында жатқан шығар. Оның әндерін тыңдап өскендер үшін Энрикенің музыкасы жарқын естеліктерін көз алдына әкелсе, жаңа ұрпақтар бұл шығармамен танысып, қарапайым ақиқатқа көз жеткізуде: шынайы эмоциялар мен әсем әуен ешқашан сәннен қалмайды.