Қазақстанда жаңартылған Geely Monjaro ұсынылды: технологиялық кроссовер қандай жаңалықтармен келді?

Қазақстанның автомобиль нарығында Geely компаниясының флагмандық Monjaro кроссоверінің жаңартылған нұсқасы таныстырылды. Модель басқару жүйесін жетілдіретін жаңа адаптивті аспамен, цифрлық мультимедиа платформасымен және жүргізушіге көмек көрсететін электрондық жүйелердің кеңейтілген кешенімен жабдықталған.

Қазақстандағы Geely брендінің ресми дистрибьюторы G Motors Kazakhstan мәліметінше, жаңартылған Monjaro екі комплектацияда – Flagship және Flagship+ нұсқаларында ұсынылады. Автокөліктің бастапқы бағасы 16,29 миллион теңгеден басталады.

Monjaro бүгінде Geely брендінің әлемдік нарықтағы ең танымал модельдерінің бірі саналады. Компания дерегіне сәйкес, соңғы бес жыл ішінде кроссовер әлемнің 30-дан астам елінде бір миллионнан астам данамен сатылған. Қазақстанда модель 2023 жылдан бері ресми түрде ұсынылып келеді. Осы уақыт аралығында 1540 автокөлік сатылған.

Жаңартылған нұсқадағы негізгі өзгерістердің бірі – CCD адаптивті аспасы. Электронды жүйе жолдың жағдайын секундына мың ретке дейін талдап, амортизаторлардың жұмысын автоматты түрде реттейді. Нәтижесінде көлік әртүрлі жол жабындарында тұрақты қозғалып, жүргізушіге ыңғайлы басқару мүмкіндігін ұсынады.

Сонымен бірге Monjaro алтыншы буындағы BorgWarner интеллектуалды толық жетек жүйесімен жабдықталған. Бұл технология қозғалыс кезінде тарту күшін алдыңғы және артқы осьтер арасында автоматты түрде бөліп, көліктің жолдағы орнықтылығын арттырады.

Кроссовердің цифрлық мүмкіндіктері де жаңартылған. Салонда 15,4 дюймдік мультимедиялық дисплей, 12,3 дюймдік цифрлық аспаптар панелі және 25,6 дюймдік проекциялық дисплей орнатылған. Ал жаңа Flyme Auto платформасы смартфондарды Apple CarPlay және Android Auto арқылы сымсыз қосуға мүмкіндік береді.

Жайлылыққа арналған жабдықтар қатарында алдыңғы орындықтардың жылыту, желдету және сегіз нүктелі массаж функциялары бар. Жүксалғыш көлемі 1300 литрге дейін ұлғаяды, бұл көлікті күнделікті пайдалануға да, ұзақ сапарларға да ыңғайлы етеді.

G Motors Kazakhstan дистрибуция жөніндегі директоры Регина Әмірханова:

«Geely Monjaro моделі Қазақстанда брендтің негізгі көліктерінің біріне айналып, жайлылық, қауіпсіздік және бай жабдықталуының арқасында тұтынушылардың сеніміне ие болды. Жаңартылған нұсқада бүгінгі таңда сатып алушылардың таңдауына айтарлықтай әсер ететін сипаттамаларға басымдық бердік. Олар – басқару сапасы, автокөлікпен цифрлық өзара әрекеттесу және әрбір сапардағы жайлылық. Біздің ойымызша, дәл осы факторлар заманауи технологиялық кроссоверлердің жаңа стандартын қалыптастырады»

Қауіпсіздік жүйелері арасында бейімделгіш круиз-бақылау, автоматты шұғыл тежеу, қозғалыс жолағында ұстап тұру, көрінбейтін аймақтарды бақылау және автомагистральда жүруге арналған көмекші жүйелер қарастырылған.

Сыртқы дизайнда да бірқатар өзгерістер енгізілген. Жаңартылған радиатор торы тау шыңдарының пішінінен шабыт алып жасалса, жаңа аэродинамикалық элементтер мен дөңгелек дискілері модельдің заманауи келбетін айқындай түседі.

Қазақстан нарығына ұсынылған Monjaro екі литрлік турбоқозғалтқышпен жабдықталған. Оның қуаты – 245 ат күші, айналу моменті – 380 Н·м. Сегіз сатылы автоматты беріліс қорабымен жұптасқан кроссовер 100 км/сағ жылдамдыққа 7,6 секундта жетеді. Орташа жанармай шығыны 100 шақырымға шаққанда 8,9 литрді құрайды.

Өндіруші модельге 7 жыл немесе 200 мың шақырымға дейінгі ресми кепілдік береді.

Қазіргі таңда Geely бренді Қазақстанның 14 қаласында орналасқан 19 ресми дилерлік орталық арқылы ұсынылған. Компания алдағы уақытта Қостанай, Қарағанды және Шымкент қалаларында қосымша дилерлік орталықтар ашуды, сондай-ақ Тараз бен Петропавл қалаларында жаңа автосалондарды іске қосуды жоспарлап отыр.

Ғазиза Ұзақ