Кітаптардың еркін саяхаты – буккроссингке қосылыңыз!

Кітап – білімнің қайнар көзі, рухани байлықтың негізі. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы: «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге», – дегендей, кітап оқу – адамның жан дүниесін байытып, ой-өрісін кеңейтетін игі әдет.
Бүгінде әлемнің көптеген елінде кеңінен таралған буккроссинг қозғалысы Алматы қаласында да жалғасуда. Буккроссинг – оқылған кітаптарды еркін айналымға жіберіп, басқа оқырмандармен бөлісуге мүмкіндік беретін мәдени жоба. Сіз өзіңізге ұнаған кітапты тегін алып оқи аласыз, сондай-ақ үйіңізде оқылмай тұрған, бірақ жақсы күйдегі кітаптарды арнайы сөрелерге қалдыра аласыз.
Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің бастамасымен жаз мезгілінде қаланың үш саябағында буккроссинг сөрелері жұмыс істейді.
Мекенжайлары:
Махатма Ганди атындағы саябақ (Жароков – Жамбыл көшелерінің қиылысы);
Қарағайлы саябағы (Қабанбай батыр – Наурызбай батыр көшелерінің бойы);
Мұқағали Мақатаев атындағы саябақ (Мақатаев – Желтоқсан көшелерінің қиылысы).
Жұмыс уақыты: дүйсенбі–сенбі, 10:00–17:00.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаппай кітап оқитын ұлт қана зияткер ұлтқа айналады», – деп атап өткен болатын. Буккроссинг жобасы осы мақсатқа үндесіп, кітап оқу мәдениетін дамытуға және рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған.
Кітап сөреде емес, оқырманның қолында өмір сүруі керек!
Кітап оқыңыз, кітаппен бөлісіңіз және буккроссингке қосылыңыз!


