Қазақстан мен Польша арасындағы парламентаралық ынтымақтастықтың перспективалары Варшавада талқыланды

Польша Республикасының Сенатында Қазақстан Республикасының Елшісі Нұрлан Жалғасбаевтың Польша Сенаторы, Қазақстан–Польша парламентаралық ынтымақтастық тобының мүшесі Казимеж Клейнамен кездесуі өтті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Польша арасындағы парламентаралық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективаларын талқылады, сондай-ақ ағымдағы жылдың 18–20 маусымында Қазақстанға жүзеге асқан Польша Республикасы Сенаты Маршалы Малгожата Кидава-Блоньсканың ресми сапарының қорытындыларын саралады.

Сенаторға еліміздегі саяси жаңғырудың негізгі бағыттары, оның ішінде алдағы Құрылтай сайлауына дайындық және Қазақстандағы конституциялық реформаларды іске асыру барысы туралы ақпарат берілді.

Тараптар сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ДИАҚБ), ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы және өзге де еуропалық институттар аясындағы екіжақты өзара іс-қимылды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдету шеңберінде тараптар поляк зиялылары өкілдерінің Қазақстанның мәдени және тарихи мұрасын дамытуға қосқан үлесін зерттеу мен насихаттауға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын да талқылады.

Польша Республикасындағы Қазақстан Республикасының Елшілігі