Елімізде есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында Қазақстан Республикасының IV Спартакиадасы өтеді

Биыл 10-25 тамыз аралығында есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында Қазақстан Республикасының сурдлимпиадалық спорт түрлері бойынша IV Спартакиадасы өтеді.

Аталмыш додаға еліміздің 18 өңірінен 1500-ден астам спортшы қатысады. Олар 10 спорт түрі бойынша 274 медаль жиынтығын сарапқа салады. Төрт жылда бір рет өтетін спорттық іс-шара еліміздің үш өңірінде өткізіледі. Атап айтқанда, Алматы қаласында сурдо жеңіл атлетика, Алматы облысында сурдо жүзу, ал Орал қаласында шахмат, бадминтон, үстел теннисі,
дзюдо, таеквондо, футбол, еркін және грек-рим күресі спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады.

Спартакиаданың негізгі мақсаты – есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, елімізде сурдлимпиадалық спорт түрлерін дамыту, сондай-ақ үздік спортшыларды анықтап, оларды Қазақстан ұлттық құрамасына іріктеу.

Спартакиаданың алғашқы бәсекелері 10-шы тамыз күні жеңіл атлетика және жүзу спорт түрлерінен басталады. Жарыстың ашылу салтанаты – 17-ші тамызда, ал жабылу рәсімі 25-ші тамызда Орал қаласында өтеді.