Алматының Бостандық ауданында сайлау учаскелерінің дайындығы мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жасалған жағдай тексерілді

Алматы қаласының Бостандық ауданында алдағы сайлау науқанына дайындық аясында сайлау учаскелерінің дайындығы пысықталды. Тексеру барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қажетті жағдай жасауға ерекше назар аударылды.

Атап айтқанда, Бостандық ауданындағы №93 мектепте орналасқан №275 сайлау учаскесінде көру, есту және тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтарға жасалған жағдай тексерілді.

Тексеруге Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің өкілдері мен Бостандық ауданы әкімдігінің өкілдері қатысты.

Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Богдан Джепко:

— Бүгін біз Құрылтайға дайындық жұмыстарын бастаймыз. Бұл – Қазақстан тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі. Біз басқармалармен, әкімдікпен және аудан әкімдіктерімен көп жылдан бері тығыз жұмыс істеп келеміз. Әсіресе қоғамдық-саяси маңызы бар іс-шараларды дайындау және өткізу кезеңінде өзара үйлесімді жұмыс атқарамыз. Алдыңғы референдум барысында Алматы қаласы бойынша шамамен 100–120 нысанды аралап шықтық. Бұл ретте бұған дейін мүмкіндігі шектеулі азаматтар ескерту айтқан сайлау учаскелеріне ерекше назар аудардық. Анықталған барлық кемшіліктер тіркеліп, жедел түрде жойылды. Біз үшін әрбір азаматтың, денсаулық жағдайына қарамастан, сайлау процесіне тең дәрежеде қатысуына мүмкіндік жасау аса маңызды.

Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков:

— Бүгінгі таңда Бостандық ауданындағы сайлау учаскелерінің дайындығы 100 пайызды құрайды. Біздің аудан – сайлау учаскелерінің саны ең көп аудан. Барлығы 108 сайлау учаскесі бар. Оның 19-ы – жабық, 89-ы – ашық учаске. Барлық ашық сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне қажетті жағдай толық қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда Бостандық ауданында 7 300-ден астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады. Біздің міндетіміз – олардың әрқайсысына сайлау учаскесіне кедергісіз келіп, өзінің сайлауға қатысу жөніндегі конституциялық құқығын жүзеге асыруына мүмкіндік жасау.

Алматы қаласы Бостандық ауданының баспасөз қызметі