«Тұлға. Тағылым. Мұра» салтанатты іс-шарасы өтті

Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл және Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің құрылғанына 45 жыл толуына орай «Тұлға. Тағылым. Мұра» атты салтанатты іс-шара өтті.

Шара барысында Алматы қаласы Мәдениет басқармасының Тарихи-мәдени мұра бөлімінің басшысы Ләззат Оразбекқызы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызының атынан музейдің 45 жылдық мерейтойына арналған құттықтауын табыстады.

Салтанатты жиын аясында музейдің 45 жылдық тарихына арналған «Уақыт айнасы: музейдің 45 жылы» көрмесі ашылды. Көрме экспозициясында музейдің қалыптасу және даму жолынан сыр шертетін архивтік құжаттар, фотосуреттер мен тарихи материалдар, сондай-ақ музейдің негізін қалауға бастамашы болған Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен қоғамдық қызметіне қатысты жеке заттары көпшілік назарына ұсынылды. Көрме бір ай бойы көпшілік назарына ұсынылады.

Кештің көркем бағдарламасы музей жанынан құрылған «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің, Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен негізі қаланған «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблінің және «Арқайым» нео-этно-фольклорлық ансамблінің өнер көрсетуімен жалғасты.

Кештің қорытынды бөлімінде мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен еңбек жолына арналған «Дара» деректі фильмі көрсетілді.

Салтанатты шараға Өзбекәлі Жәнібековтің әулеті, зиялы қауым өкілдері, мәдениет пен өнер саласының мамандары, музей ардагерлері, қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысып, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің 45 жылдық тарихына арналған айтулы кештің куәсі болды.