ЖИ-агенттер жұмысқа кірісуде: Қазақстанда бизнеске арналған жаңа оқыту бағдарламасы басталды

2026 жыл әлемдегі ең ірі ЖИ конференцияларының бірінде басты назар чат-боттарға емес, компания қызметкерлерімен қатар нақты тапсырмаларды өздігінен орындай алатын ЖИ-агенттерге ауды. Осы үрдістерді Лас-Вегаста өткен Ai4 2026 конференциясында зерттеген қазақстандық сарапшы Даниил Сидоренко Қазақстанда ЖИ-агенттерді бизнеске енгізуге бағытталған жаңа оқыту бағдарламасын іске қосты.
Қазақстанда «Адамдарға арналған нейрожелілер» жаңартылған бағдарламасының жаңа легі басталды. Биылғы бағдарламаның негізгі бағыты – бизнестің нақты міндеттеріне арналған жасанды интеллект агенттерін құрастыру.
ЖИ-агент – адамнан әр қадамын нұсқауды талап етпей, берілген тапсырманы басынан аяғына дейін өздігінен орындай алатын бағдарлама. Бағдарламаның авторы – Алматыдағы SkyBird агенттігінің негізін қалаушы Даниил Сидоренко. Ол курстың мазмұнын биыл тамыз айында Лас-Вегаста өткен Ai4 2026 конференциясына қатысу қорытындысы бойынша жаңартқан.
Ai4 2026 конференциясы 4–6 тамыз аралығында The Venetian кешенінде өтті. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, шараға әлемнің 90-нан астам елінен 12 мыңнан астам адам қатысып, 1 мыңнан астам спикер сөз сөйлеген және 400-ден астам компания өз өнімдерін таныстырған. Конференция бағдарламасының негізгі бөлігінің бірі ЖИ-агенттерге арналды.
Іс-шарада келтірілген деректер ЖИ-агенттердің жұмыс процестеріне қаншалықты жылдам еніп жатқанын көрсетті. Dataiku компаниясы ұсынған зерттеуде сегіз елдегі жылдық табысы 500 миллион доллардан асатын компаниялардың 900 басшысының 96%-ы қызметкерлердің генеративті ЖИ құралдарын ресми рұқсатсыз пайдаланып жүргеніне сенімді екенін айтқан.
Конференцияда өндірістік компаниялардың біріндегі ақпараттық технологиялар директоры ұйым ішінде шамамен 40 ЖИ-агент жұмыс істеп жатыр деп есептеген кейс те ұсынылды. Алайда жүргізілген аудит нәтижесінде олардың саны 400-ден асқаны анықталған. Бұл агенттердің ешқайсысы компанияның ресми есебінде тіркелмеген.
Ал Goldman Sachs жүргізген АҚШ-тағы 10 мың шағын және орта кәсіпорынды қамтыған зерттеу ЖИ-ді қолдану мен оны негізгі бизнес-процестерге енгізу арасында әлі де алшақтық бар екенін көрсетті. Компаниялардың 76%-ы жасанды интеллектті қолданғанымен, олардың тек 14%-ы ғана ЖИ-ді негізгі бизнес-процестеріне енгізген.
Конференцияда ЖИ қолданудың нақты нәтижелері де айтылды. Мысалы, Google Chrome-ның жарнамалық жобасын іске асыру мерзімі 30 жұмыс күнінен 10 күнге дейін қысқарған. Ал аналитикалық құрал енгізілгеннен кейін қоймадағы тауарларды түгендеуге кететін шығын алғашқы екі аптада 20%-ға төмендеген.
«Үш күн қатарынан барлық секцияларда әртүрлі сөздермен бір ой қайталанды: агенттер – жай ғана технология емес, олар еңбек ресурсы ретінде қарастырылады. Оларға жұмыс беріледі, тапсырма қойылады, нәтижесі тексеріледі, қажет болса, жұмыстан шығарылады», – дейді Даниил Сидоренко.
Оның айтуынша, бұл жерде маманды толықтай алмастыру туралы сөз болып отырған жоқ. Керісінше, жұмыстың белгілі бір бөлігін ЖИ-агенттерге беру туралы жаңа тәсіл қалыптасып келеді. Ал адам тапсырманы қояды, нәтижені тексереді және оның сапасына жауап береді.
Сидоренконың пікірінше, әлемдік және қазақстандық нарық арасындағы негізгі айырмашылық модельдердің бағасында немесе технологияға қолжетімділікте емес.
«Модельдер барлығында бірдей және олардың құны да бірдей. Айырмашылық – оларды не үшін және қалай қолдану керектігі әлемдік нарықта әлдеқашан түсінікті бола бастағанында. Ал бізде бұл тәжірибе әлі қалыптасу үстінде. Дәл осы алшақтықты оқыту арқылы қысқартуға болады», – дейді сарапшы.
Осы мақсатта ол конференциядағы 23 баяндаманы талдап, шағын бизнеске бейімделген үш бөлімнен тұратын әдістемелік құрал әзірлеген. Онда ЖИ-агенттерді бизнеске енгізуге арналған 38 қадамнан тұратын жоспар ұсынылған. Әдістемелік материал агенттік платформаларында тегін жарияланған.
«Әрбір ЖИ-агентті қызметкер ретінде қарастыру керек: оның аты, жауапты адамы және бюджеті болуы тиіс. Бұл қағиданы кез келген компания дүйсенбіден бастап қолдана алады», – деп түсіндіреді Даниил Сидоренко.
«Адамдарға арналған нейрожелілер» жаңартылған бағдарламасы нейрожелілерді қолданудың жалпы принциптеріне ғана емес, нақты компанияның міндеттеріне арналған ЖИ-агенттерді құрастыруға бағытталған.
Бағдарлама авторының айтуынша, бүгінде агентке тапсырманы қарапайым тілмен қоюға болады. Осылайша техникалық кедергілер біртіндеп азайып, басты дағды ретінде ЖИ берген нәтижені дұрыс басқару және бақылау қабілеті алдыңғы орынға шығады.
Бағдарламадан бұған дейін 1 мыңнан астам адам өткен. Олардың қатарында Қазақстан, ТМД елдері, Еуропа және АҚШ-тан келген кәсіпкерлер мен мамандар бар.



