Туляремияның алдын алу

Туляремия – табиғи ошақтық жұқпалы ауру. 1911 жылы Солтүстік Американың Tulare графствосында анықталғандықтан «туляремия» деп аталған. Ауру қоздырғышы (Francisella tularensis) – күн сәулесі тікелей түссе 1 сағат ішінде жойылады, суыққа өте төзімді, салқын суда, ылғалды жерде ұзақ уақыт сақталады.
Табиғи ошақтары Еуропа, Азия және Солтүстік Америкада кең таралған. Жетісу облысында тұрғындар арасында туляремия індетінің эпидемиялық ахуалы тұрақты. Соңғы жағдай 2004 жылы тіркелді.
Қоздырғыш адам денесіне тері, ауыз, көз, тыныс алу мүшелерінің шырышты қабаттары арқылы еніп, көбейіп, 3-5 күннен кейін алғашқы белгілері біліне бастайды: дене қызуы кенеттен көтеріліп 38-39оС дейін жетеді, бас қатты ауырады, бұлшықет сыздап, дене құрысады, тамаққа тәбет төмендейді, терлейді, ауырған адамның мойын, жұтқыншақ, қолтық немесе шап бездері қабынып, қол тигізбей ауырады.
Аурудың бір ерекшілігі – туляремия адамнан адамға жұқпайды.
Туляремия қоздырғышының тасымалдаушылары – қоян, су тышқаны, тоқалтіс, ондатра, үлкен құмтышқан, үй/орман тышқандары.
Туляремияның жұғу жолдары:
- жәндіктердің шағуы арқылы (кенелер – аурудың негізгі таратушысы, масалар, сона және т.б.);
- жануарлармен жанасқанда да жұғады (аулағанда, сойғанда, терісін сыпырғанда және т.б.);
- ластанған су/тамақ тұтыну арқылы (ауру жануарлар нәжістерімен, зәрімен қоршаған ортаны, суды, топырақты, шөпті ластайды);
- ауа арқылы: аурудың қоздырғыштарын шөп шабу, тасу, қора-жайды тазалау кезінде көтерілген шаң-тозаңмен жұту кезінде;
«Туляремияның алдын алудағы тиімді шаралардың бірі – кеміргіштермен күрес, яғни дератизация. Жылына 2 рет туляремиядан 88 қолайсыз елді мекендерде дератизация іс-шаралары жүргізіледі. 2026 жылдың 8 айында 2464 га көлемінде дератизациялық шаралар жүргізілді. Екінші тур қазан-қараша айларына жоспарланды. Туляремиядан сақтанудың тағы бір жолы – туляремияға қарсы вакцинациялау. Қолайсыз елді-мекендердің 7 жастан 55 жасқа дейінгі тұрғындары туляремияға қарсы егумен қамтылады, ревакцинация 5 жыл сайын жүргізіледі. Облысымызда 2026жылдың 8 айында туляремияға қарсы 1136 адам екпемен қамтылды», – деп атап өтті Жетісу облысы СЭБД басшысы Асхат Чарапиев.
Сондай-ақ, табиғатқа шыққанда қорғаныш шараларын сақтау қажет:
- қорғаныш киімдерін кию, жайылымдарда болғанда, дала жұмыстарына қатысқанда, далада демалу кезінде;
- репелленттермен өңдеу (киім, шатыр, ұйықтарда киетін қаптарды);
- ашық су көздерінен суды қайнамаған күйде қолданбау;
- кеміргіштермен ластанған тағамды пайдаланбау;
- малға күтім жасағанда жеке бас гигиенасын сақтау.




