Қамқорлықтан басталатын үй: COMES жануарлар панасында қайырымдылық сенбілігі өтті

Алматы облысындағы COMES жануарлар панасында қайырымдылық сенбілігі өтті. Жануарларды қорғаудың дүниежүзілік күніне орай ұйымдастырылған шараға волонтерлер, журналистер, блогерлер мен компания қызметкерлері қатысып, пананың аумағын тазалауға көмектесті. Қатысушылар жануарлармен танысып, олардың тағдыры туралы біліп, күн сайын қамқорлыққа мұқтаж тіршілік иелерін құтқарумен айналысатын жандарға қолдау көрсетті.
COMES панасы 2018 жылы ағалы-қарындасты Юлия мен Сергей Снегиревтердің бастамасымен құрылған. Бүгінде мұнда 400-ден астам жануар бар. Олардың қатарында иттер мен мысықтардан бөлек, жылқы, есек және ешкілер де бар. Әрқайсысының өз тарихы бар. Ал пананың күнделікті жұмысы жануарларды тамақтандыруды, емдеуді, қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және жарақаттан кейінгі қалпына келуіне көмектесуді қамтиды.
Сенбілік қатысушыларға пананың жұмысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді. Қонақтар жануарлардың жағдайын көріп, олардың бастан өткерген оқиғаларын тыңдап, аумақты тазалауға атсалысты. Мұндай кездесулер пананың қажеттіліктеріне де назар аудартады. Әсіресе қыс мезгілі қарсаңында жануарларға арналған азық-түлік, шаруашылық заттары, ветеринарлық көмек пен ұстау орындарын дайындау мәселелері өзекті бола түседі.
Жануарларды құтқару жұмысы күн сайын жалғасады. Пананың негізін қалаушылардың бірі Юлия Снегирева апта сайын дерлік ауыр жағдайда қалған иттерді аулау қызметінен алып, оларға шұғыл көмек көрсетеді. Жақында пананың қамқорлығына көзі ауыр жарақаттанған марғау да алынған. Қазір ол ветеринарлық клиникада ем қабылдап жатыр.
Алайда жануарды құтқару мен емдеу — жұмыстың бір бөлігі ғана. Одан кейін оған өмір бойы қамқор болатын отбасы табу маңызды. Кейде жаңа иелері Қазақстаннан тыс жерлерде тұрады.
«Біздің қамқорлығымыздағы жануарлар тек Қазақстаннан ғана емес, басқа елдерден де үй табады. Қазір шетелдегі жаңа иелері күтіп отырған күшікті жолға дайындап жатырмыз. Әуе компаниясымен алдын ала келісімге келдік, енді оны бірге алып жүре алатын адам іздеп жатырмыз. Біз үшін күшіктің жаңа отбасына қауіпсіз жетуі маңызды. Мұндай сапарды ұйымдастыруға көп күш жұмсалады. Ең бастысы — оны күтіп, қамқорлық көрсетуге дайын адамдардың бары», — деді пананың негізін қалаушы Юлия Снегирева.
Бұл оқиға жануардың жаңа үйге жетуі үшін бірнеше кезеңнен өтетінін көрсетеді. Оларды құтқару, тексеруден өткізу, емдеу, оңалту және болашақ иелерімен қауыштыру үшін тұрақты қолдау қажет. Сондықтан пананың жұмысына көмектесудің жолдары көп: сенбілікке қатысу, азық жеткізу, ветеринарлық емге қаражат бөлу немесе жануарларды тасымалдауға жәрдемдесу.

Юлия Снегирева сенбілікке қатысып, қолдау білдірген барша жанға алғыс айтып, шараны ұйымдастыруға үлес қосқан компанияларды да атап өтті.
«Бүгін үн қатып, бізге келген барша жанға шын жүректен алғыс айтамын. Purina брендіне ерекше рақмет: компания БАҚ өкілдері мен блогерлерге арналған сапар мен көлік тасымалын ұйымдастырып, жануарларға қажетті өнімдер ұсынды. Компания қызметкерлері де келіп, аумақты тазалауға қатысты. BETA Tea ортақ шай ішуге шай берсе, SAMAL қатысушыларды ауызсумен қамтамасыз етті. Әркімнің өз үлесін қосқаны біз үшін өте құнды. Еңбекке де, әңгімеге де, жануарларға көңіл бөлуге де орын табылған жылы күн болды», — деді Юлия Снегирева.
Бірлескен жұмыстан кейін қатысушылар ортақ дастарқан басына жиналып, шай ішті. Бұл кездесу пананың қызметкерлеріне сұрақ қойып, алдағы уақытта қалай көмектесуге болатынын талқылауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ қонақтар жүздеген жануарға күн сайын қамқорлық жасаудың қаншалықты үлкен еңбек екенін жақынырақ түсінді.
Күн суыта бастаған кезде COMES панасының алдында жануарлар тұратын орындарды қысқа дайындау міндеті тұр. Мұнда азық-түлікке, ем-домға, шаруашылық заттарына және волонтерлердің көмегіне тұрақты қажеттілік бар. Ақпараттық қолдаудың да маңызы зор: үй іздеп жүрген жануарлар туралы жарияланымдар олардың болашақ иелерін табуына көмектеседі.
«Біздің жануарларымыздың тағдырына бейжай қарамайтын адамдардың бар екенін сезіну біз үшін өте маңызды. Біреу келіп, қолғабыс ете алады, енді біреу азық әкеліп, емделуіне көмектеседі немесе отбасы іздеп жүрген жануар туралы ақпарат таратады. Әркімнің мүмкіндігі әртүрлі, сондықтан кез келген көмекті бағалаймыз. Осындай қолдаудың арқасында біз панамыздағы жануарларға қамқорлық көрсетіп қана қоймай, көмекке мұқтаж жаңа жануарларды да құтқаруды жалғастыра аламыз», — деп атап өтті Юлия Снегирева.
Жануарларды қорғаудың дүниежүзілік күні игі кездесуге себеп болды, ал сенбілік ортақ іске жұмылудың маңызын көрсетті. Біреулер үшін бұл шара волонтерлік қызметке бастар алғашқы қадам болса, енді біреулер жануарды панадан алып, отбасына қосу туралы ойлануы мүмкін. Ал қамқорлыққа мұқтаж жануарлар үшін адамдардың назары мен көмегі қауіпсіз үй табуға деген тағы бір мүмкіндік.




