Қазақстан киносы халықаралық нарыққа жол ашуда: ASCAR Cinema Пусан кинонарығына қатысты

Пусанда (Оңтүстік Корея) халықаралық кино және аудиовизуалды контент нарығы — Asian Contents & Film Market (ACFM) өтті. Іс-шара аясында ASCAR Cinema компаниясы алғаш рет жеке стендін ашып, қазақстандық фильмдер каталогын халықаралық киноиндустрия өкілдеріне таныстырды.
Каталогқа түрлі жанрдағы 20-ға жуық фильм енді. Олардың қатарында «Агент&Irbis», «Бақыт құшағында», «Қамау», «Дәстүр: Теріс бата», «Шымыр», «7 қарақшы», «Үнсіз», «Күн батыстан шыққанда», «46 түн» және «Такси» картиналары бар. Ұсынылған туындылардың ішінде қорқынышты фильмдерге ерекше назар аударылды. Бұл жанр каталогтың жеке бағыты ретінде ұсынылды.
ACFM-ге қатысу қазақстандық фильмдерді шетелдік киноиндустрия өкілдеріне таныстыруға және халықаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асыруға болатын жобалар туралы ақпарат беруге мүмкіндік жасады.
ASCAR Cinema — Орталық Азия, Кавказ және ТМД-ның жеті елінде жұмыс істейтін тәуелсіз кинодистрибьютор. Компания 2007 жылдан бері Sony Pictures Entertainment және Walt Disney Studios студияларымен ынтымақтастық орнатып келеді. Сонымен қатар цифрлық дистрибуция мен контент құқықтарын басқару бағыттарын дамытып отыр.
Отандық фильмдерді халықаралық алаңдарда таныстыру арқылы ASCAR Cinema қазақстандық киноның шетелдегі аясын кеңейтуді және ұлттық кинематографияның жанрлық әрі тақырыптық алуандығын шетелдік көрерменге таныстыруды көздейді.




