Himoya: Ана тегінің қуаты, киелі байланыс

15 қазан 2026 – 4 сәуір 2027 аралағындағы «Himoya: Ана тегінің қуаты, киелі байланыс» атты халықаралық көрме жобасы Орталық Азия мен әлемнің басқа да аймағындағы 20-ға жуық өнерпаздың басын қосып, зерттеу және білім беру бағдарламасымен толыққан жаңа көркемдік жұмыстар ұсынады. Көрме ата-бабадан жеткен даналыққа, туыстықтың полифониялық формаларына, ана тегіне негізделген нарративтер мен рухани космологияларға қорғаныс, ұжымдық жад пен мәдени сабақтастық тәсілі ретінде жүгінеді.

«Целинный» заманауи мәдениет Орталығы «Himoya: Ана тегінің қуаты, киелі байланыс» — Наташа Гинвала кураторлық ететін және 2026 жылдың 15 қазанында ашылып, 2027 жылдың 4 сәуіріне дейін жалғасатын ауқымды халықаралық көрме ұсынады.

Әр түрлі тіл дәстүрлерінде «Himoya» қорғаныс, пана және желеп-жебеу деген мағынаны білдіреді. Көрме аталған түсінікті қайта пайымдап, ата-бабалардың көреген білімі мен даналығына заманауи өнердің маңызды бір бөлігі ретінде мойын бұрады. «Himoya» бүгінде өнердің ана тегі арқылы жалғасын табатын жадпен, анти-империялық миф жасаумен әрі экологияға қамқорлық танытумен қаншалықты байланысты екенін танытады. Сонымен қатар көрме тілдер, әдет-ғұрыптар мен жергілікті дәстүрлердің жойылуына себеп болған отарлық қарама-қайшылықтар, кімдікті жою мен қуғын-сүргін туралы да сөз қозғайды. Жобаға 21 өнерпаз жаңа, көрме үшін арнайы жасалған және осыған дейін жарыққа шыққан туындыларымен қатысады.

Көрменің өзегінде — аналық туыстық, сопылық және зороастрлық практикалар, бақсылық дәстүрлер мен ортақ болашақты империялық мұрасыз таныту талпынысы жатыр. Өнерпаздар жанды тәңіршіл дәстүрлерден, ежелгі түркі космологияларынан және ортақ мәдени кеңістікті байланыстыратын өңірдің рухани практикаларынан шабыт алады. «Himoya» өнер өзін-өзі тану практикаларын, батыл баяндаулар, тұжырымдар мен жадты қалай қалыптастыратынын зерттейді; көркемдік практика мұнда патриархалды зорлық пен әлемге үстемдік ету гегемониясы дәуірінде тұмар әрі болашақты болжап, желеп-жебейтін қорғаныс есебінде көрініс табады.

«Целинный» заманауи мәдениет Орталығының көркемдік директоры Әлима Қайрат:  «Целинный үшін «Himoya» — 2021 жылы басталған әңгімелердің шарықтау шегі саналады. Бұл — ана тегінің жады, әдет-ғұрыптар, қорғаныс, біз тіпті саналы түрде ұғынуды доғарсақ та, бойымызда өмір сүріп жатқан ұят пен қамқорлықтың бізге мұра болып қалған тілі туралы әңгімелер еді. Аталған тақырыптар жад тек қана мұрағаттар арқылы ғана емес, сондай-ақ тән, ым-ишара, күнделікті практикалар мен ұрпақтар сабақтастығы арқылы берілетін Қазақстан мен Орталық Азия тәжірибесінде терең орын алады. Ата-баба даналығына мойын бұра отырып, «Himoya» одан өткеннің айғағын емес, осы шақты жаңаша пайымдап, болашақтың басқа да көкжиектерін аша білетін жанды күшті көруді ұсынады», – деп атап өтті.

Көрменің сәулеті мен сценографиясын Diogo Passarinho Studio (Диогу Пассаринью және Гонсалу Рейнольдс) жасады. Сәулетшілердің идеясы бұрынғы кеңестік кинотеатр ғимаратымен диалогқа түсіп, империялық емес проекция, бірлесіп өмір сүру және еркін қиял кеңістігі ретінде қайта пайымдалады. Әртүрлі материалдық формаларды қолдана отырып, жоба көпқабатты ландшафт және Орталық кеңістіктерімен байланыс орнатады. «Himoya» Целинныйдың «бұлтты» сәулетіне әлеуметтік баяндау мен білім формаларының айналымын өрнектеп, кеңістікті жад және ұжымдық тәжірибемен толықтырады.

Көрме қатысушылары: Умида Ахмедова, Нара Бейбіт, Хоа Дунг Клерже, Азиза Қадыри, Ариз Катки, Ойжон Хайруллаева, Жазгүл Мадазимова, Алмагүл Меңлібаева, Ана Мария Мильян, Зарина Мұқанова, Еламан Мұхтархан, НАОМИ, Ритика Пандей, Тания Петерсен, Раджни Перера, Зилола Саидова, Читра Сасмита, Ахмед Омар, Хэгю Ян, Радина Ясуева, Гүзел Зәкір.

Наташа Гинвала — куратор, зерттеуші және заманауи өнер туралы мәтіндердің авторы. Ол 2022 жылдан бастап «Целинный» заманауи мәдениет Орталығы Сарапшылар кеңесінің мүшесі. Гинвала 16-шы Шарджа биенналесінің кураторы (2023–2025), Colomboscope (Шри-Ланка) фестивалінің көркемдік директоры, сондай-ақ Берлиндегі Gropius Bau музейінің шақырылған кураторы болды (Associate Curator at Large).  Сонымен қатар Гинвала 13-ші Кванджу биенналесі көркемдік директорларының бірі атанып, documenta 14, Берлин биенналесі, Тайбэй биеннале, сондай-ақ e-flux, Sharjah Art Foundation, Hamburger Bahnhof, MCA Chicago, SAVVY Contemporary және Zeitz MOCAA жобаларын есепке алғанда көптеген халықаралық көрме мен биенналенің дайындығына ат салысты. Өз зерттеулері мен басылымдарында Гинвала заманауи өнер, визуалды мәдениет, әлеуметтік әділдік және бейотар ой-толғау мәселелеріне назар аударады.