Жаһан журналистикасы қазақ тілінде сөйлейді: Қазақстанда qasqz медиажобасы іске қосылды

qasqz командасы қазақша медиаплаформаның іске қосылғанын қуана хабарлайды. Аталған жоба бұрын-соңды қазақ тілінде жарияланбаған жаһанның жетекші басылымдарының лицензияланған лоңридтері мен мәдени эсселеріне ден қояды. Әр материалдың аудионұсқасы қоса ұсынылады; оны жолай қосып қоюға, не серуендеп жүріп тыңдауға болады. Формат подкаст пен аудиокітапқа құмар қауымның да көңілінен шығады. Аудиожазбалар театр, кино және дубляждың кәсіби актерлерінің үнімен тіл қатады.
Платформа 12 қыркүйек күні іске қосылды да, бір ай ішінде 5 материал жариялап үлгерді. Қаузайтын тақырыптары алуан түрлі: гуманоидтар мен Марсқа ұшу жолында жасалатын дайындықтан бастап, музейлер апат кезінде алдымен қай жәдігерді құтқарып қалу керек екенін қалай анықтайды деген сұраққа дейін.
Жобаның негізін қалаушы Камиля:
«Жобаның пайда болу идеясы өте қарапайым: өзіме қызық болып көрінген көлемді журналистік мақалаларды бөлісу. Бұны бір кітабы да жоқ, жиындар да өтпейтін, менің пікірім де айтылмайтын кітап оқу клубы деп елестетші. Ешқандай алгоритмнің соңынан ермейміз. Әр сенбі сайын бір мақала жарияланады (ара-тұра сейсенбіде де шығып отырады). Таңғы сағат 06:00-да. Түрлі халықаралық басылымдардан алынған дүниелер. Жаңасы, соншалық жаңа емесі де, тіпті мұрағаттан алынған мақалалар да»
Қазақша сөйлейтін аудитория осы деңгейдегі сараптамалық лоңридтер мен зерттеу журналистикасын орыс және ағылшын тілдерінде оқып келді. qasqz-ның бұл жайтты өзгертпек ниеті бар. Мұндағы әр мәтінмен қазақ тілінің қадірін білетін һәм түпнұсқаның жоғары деңгейдегі сапасын сақтай алатын тәжірибелі аудармашылар, редакторлар мен дикторлар командасы жұмыс істейді.
Қазір qasqz weekend edition форматында жұмыс істейді: жаңа мақалалар әр сенбінің таңында жарияланып отырады. Оқырманға жаһанның маңызды лоңридтері, мұрағаттан алынғандары мен «винтаж» түрлерінен де құралған топтама ұсынылады.




